Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастық кеңейе түседі

Бүгін, 21:05
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастық кеңейе түседі
Фото: primeminister.kz

Қазақстан Парламентінің Мәжілісі Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш құжатқа 2024 жылғы 22 тамызда Душанбеде қол қойылған.

Шарттың басты мақсаты – екі ел арасындағы ынтымақтастықты кешенді дамытуға қосымша серпін беру. Құжатта саяси, экономикалық, әскери, әлеуметтік, ғылыми-технологиялық, мәдени және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды күшейту қарастырылған. Сонымен қатар, кәсіпкерлік пен басқа да экономикалық қызметті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған сауда-экономикалық байланыстарға ерекше мән берілген.

Заңға сәйкес, екі тарап стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарға нұқсан келтіруі мүмкін кез келген әрекеттерден бас тартуға міндеттенеді.

Сондай-ақ құжатта парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселесі де қамтылған.

Тараптар Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерін өңірлік мәселелерді бірлесіп талқылап, шешудің негізгі алаңы деп санайды.

Сонымен қатар, Орталық Азия елдері үшін су ресурстарының маңызы зор екені атап өтілген. Сондықтан құжатта суды тиімді әрі өзара пайдалы пайдалану және қорғау бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінген.

«Бұл шартты ратификациялау Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, екі елдің ынтымақтастығын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді», - делінеді Мәжілістің хабарламасында.

Еске салсақ, Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан жасыл энергетиканы бірлесіп дамытатын болды.