Қазақстан командасы SWAT CHALLENGE-2026 жеңімпазы атанды

Қазақстан командасы SWAT CHALLENGE-2026 жеңімпазы атанды
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланы

Дубайда әлемнің үздік арнайы бөлімшелерін біріктірген UAE SWAT CHALLENGE-2026 халықаралық турнирі аяқталды. Бес бәсекелі күн ішінде әлемнің 48 елінен 109 команда іс-әрекеттің шеберлігін, жылдамдығын, тактикалық ойлауын және үйлесімділігін барынша көрсетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ІІМ Ұлттық ұланға сілтеме жасап. 

Қазақстан құрамасына еліміздің күш құрылымдарынан құралған «Kazakhstan А», «Kazakhstan B», «Kazakhstan C», «Kazakhstan D» командалары және «Kazakhstan Tomiris» әйелдер командасы қатысты. Айта кетейік, Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков Дубайда болып, әскери қызметшілерге қолдау көрсетіп, өз тәжірибесімен бөлісті.

Турнирдің басты жаңалығы «Kazakhstan С» командасының тамаша жеңісі болды, ол барлық жарыс күндерінің қорытындысында UAE SWAT CHALLENGE-2026 турнирінің жеңімпазы атанды.

Жалпы рейтингте екінші орынды «Kazakhstan А» командасы жеңіп алды.

Сонымен қатар қорытынды кестеде қазақстандық командалар арасында позициялар келесідей бөлінді:

• «Kazakhstan B» - 8 орын;

• «Kazakhstan Tomiris» - 18 орын;

• «Kazakhstan D» - 20 орын.

Қазақстандық командалардың жеңісі мен жүлделі орындары — отандық арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жоғары жауынгерлік дағдысын, дайындығы мен кәсібилігінің көрсеткіші.