Қазақ тілін үйретуге арналған ойын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің қолдауымен Steppe Rider ойыны әзірленді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ойынның мақсаты - 6-25 жас аралығындағы пайдаланушыларға қазақ тілінің А1 және А2 деңгейлерін үйрету және ұлттық болмысты дәріптейтін мазмұнды, сапалы ойын кеңістігін қалыптастыру.
Ойынның компьютерлік және мобильді нұсқалары қазақ тілін инновациялық форматта меңгеруге арналған жаңа құрал ретінде ұсынылып отыр.
Ойынның барлық функционалдық мүмкіндіктерін Астана қаласындағы №104 мектептің оқушылары тестілеп, пайдаланушылардан алынған кері байланыс негізінде ойын жетілдірілді. Бета-тестілеуге қатысушылар Steppe Rider жобасының графикасын, ойнау динамикасын және мазмұндық тұтастығын жоғары бағалап, оң пікір білдірді.
Жобаны жүзеге асыруға жиырмадан астам маман: бағдарламашылар, дизайнерлер, тестілеушілер, деректер базасының сарапшылары және басқа да жоғары білікті мамандар қатысты. Ойынның мазмұндық және оқыту компоненттерін әзірлеуге тәжірибелі педагог-әдіскерлер тартылып, білім беру стандарттарына сәйкестігі қамтамасыз етілді.