«Қатарластарын балтамен қуалаған»: Атыраулық оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Бүгін, 12:21
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
«Қатарластарын балтамен қуалаған»: Атыраулық оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Атырау облысының Құлсары қаласында мектеп оқушысы қатарластарын балта алып қуалаған, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«5 ақпанда Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларға шабуыл жасап, мектеп аумағынан бой тасалағаны туралы хабар келіп түсті. Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл жарақат алған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетіп, жасөспірімді ұстады. Оқиғаға қатысы барлар мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді», - деді Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Байжанов.

Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, Ішкі істер органдарының есебіне алынды.

«Жинақталған материал Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды. Сондай-ақ, жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Қылмысқа ықпал еткен себептерді жою туралы білім беру бөліміне ұсыныс енгізілді. Тергеу қорытындысы бойынша білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ, оқу орнындағы күзет қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», - деді Ғалым Байжанов.

Бұған дейін елордалық оқушы мектепте төбелестің алдын алатын ақылды жүйе ойлап тапқанын жаздық.