Қалдықтармен жұмыс саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілік артты
Ғарыштық бақылау негізінде анықталған қоқыс үйінділері уақытылы жойылуда. Әкімдіктер аумақтарды жинау бойынша шаралар қабылдауда, алайда бұл жұмыс барлық өңірде бірдей тиімді жүргізілмейді. Өкілеттіктерін тиісінше орындамағаны үшін 2025 жылы жергілікті атқарушы органдардың 165 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Кожиков ОКҚ брифингінде осылай деді. Оның хабарлауынша, стихиялық қоқыс үйінділерінің пайда болуын болдырмау және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған алдын алу шараларының бірі - коммуналдық қалдықтарды таситын көлік құралдарының қозғалысын бақылау, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«2023 жылдың соңында цифрлық платформа әзірленіп қазір ол өнеркәсіптік пайдалануға беру сатысында. Ол GPS датчиктері арқылы қоқыс таситын көліктердің қозғалысын бақылауға мүмкіндік беруімен қатар, қалдықтарды шығару процесін ашық етеді және олардың белгіленбеген жерлерге тасталуына жол бермейді», - деді спикер.
Қалдықтармен жұмыс саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту мен стихиялық қоқыс үйінділері үшін әкімшілік жауапкершілік шаралары арттырылды. Атап айтқанда, айыппұл мөлшері 100-ден 200 АЕК-ке дейін ұлғайып, сондай-ақ көлік құралдары мен бұзушылық жасауға пайдаланылған өзге заттарды тәркілеу қарастырылған.