Павлодарда қытайлық студенттер қазақ тілін үйреніп жатыр

Бүгін, 20:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Павлодарда қытайлық студенттер қазақ тілін үйреніп жатыр
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Сиань (Xi’an) қаласындағы өңірдің жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Xijing University-де «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша білім алып жатқан үш студент Павлодар қаласына қазақ және орыс тілдерін тереңдетіп меңгеру мақсатында келген болатын. Алдағы бес ай бойы олар Инновациялық Еуразия университеті (ИнЕУ) базасында білім алып, тәжірибеден өтпек, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. 

«Шетелдік студенттер университет жатақханасына орналастырылып, оқу үдерісіне белсенді түрде кірісті. Бағдарламаға қатысушылардың бірі – төртінші курс студенті, ал екеуі екінші және үшінші курстарда білім алады. Студенттердің айтуынша, Қазақстанда тілдік тағылымдамадан өту олардың кәсіби дамуына ғана емес, Орталық Азияның мәдениеті мен дәстүрлерін тереңірек танып-білуге де мол мүмкіндік береді», - делінген хабарламада. 

ИнЕУ-де Қытайдан келген студенттердің сапары университеттер арасындағы халықаралық ынтымақтастық пен академиялық байланыстардың нығаюының айқын көрінісі екені атап өтілді. Алмасу бағдарламасы тілдік құзыреттілікті жетілдірумен қатар мәдениетаралық диалогты кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және екі ел жастары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.

Тағылымдама барысында студенттер қазақ және орыс тілдері бойынша сабақтарға қатысып, мәдени-танымдық және білім беру іс-шараларына белсенді атсалысады. Сонымен қатар Қазақстанның тарихы мен салт-дәстүрімен, ИнЕУ-дің студенттік өмірімен жақын танысады.

Университет басшылығы мұндай білім беру бастамалары халықаралық академиялық ұтқырлықты дамытуға ықпал етіп, қазақстандық жоғары білімнің халықаралық деңгейдегі тартымдылығын арттыратынын атап өтті. Сиань қаласынан келген студенттердің сапары Қазақстан мен Қытай жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік қатынастарды нығайтудың маңызды кезеңі болды.

Еске салайық, бұдан бұрын астаналық ұстаздың Еуропада тұратын қазақтарға ана тілін тегін үйретіп жүргені туралы жаздық.