Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты астаналықтар салтанатты түрде қарсы алды
Астанада қысқы Олимпиада жүлдегерлерін жанкүйер қауым салтанатты түрде қарсы алды. Елорда әуежайына мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен спортшы Софья Самоделкина келді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Спортшыларды жанкүйерлер, туған-туыстары және спорт қауымдастығының өкілдері күтіп алды.

Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкинаны және Қазақстан құрамасының бас бапкері Әсем Қасанованы Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералы және Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин құттықтады.
Геннадий Головкин бұл жеңістің тарихи маңызын атап өтті.
«Бүгін нағыз батырларымыз үлкен жолдан келді. Ең алдымен, чемпиондарды тәрбиелеген бапкерлер мен отбасыларына алғыс айтуымыз керек. Қазақстан бұл алтынға әбден лайық болды. Олар – біздің жаңа қаһармандарымыз», – деді ол.

Қазақстан конькимен мәнерлеп сырғанау одағының атынан және демеушілердің қолдауымен спортшылар мен бапкерлерге пәтер кілттері табысталды.
Михаил Шайдоров пен оның бапкері Алексей Урмановқа үш бөлмелі, ал Софья Самоделкина мен Әсем Қасановаға бір бөлмелі пәтер берілді.

Бауыржан Ералы Олимпиадада 32 жылдан кейін Қазақстан әнұранының шырқалғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Софья Самоделкина да үздік ондыққа еніп, үздік нәтиже көрсетті.
Өз кезегінде Михаил Шайдоров жанкүйерлеріне алғысын білдіріп, бұл қолдау оған алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғауға үлкен күш беретінін айтты.
Еске салсақ, Қазақстан қысқы Олимпиадада үздік 20 елдің қатарына енген еді.