Наурызнама: Елордада Ұлттық спорт күніне орай 18 мыңнан астам бала бір мезетте асық ойнады
Елордада Ұлттық спорт күніне орай ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ауқымды мәдени-спорттық іс-шара өтті. Мерекелік шара Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылып, оған мыңдаған бала қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Іс-шара бағдарламасы аясында «Алтын сақа» атты флэшмоб және ұлттық асық ойыны өткізілді.
Мәдени-спорттық іс-шараның мақсаты – ұлттық асық ойынының ерекшелігін кеңінен таныту, оның тәрбиелік мәнін түсіндіру және жас ұрпақтың ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыру. Бұл туралы Райымбек батыр атындағы «Қазғарыш» мектеп лицейі директорының орынбасары, ұйымдастырушы Олжас Семсерханұлы айтты.
«Қазіргі таңда Астанадағы 120-дан аса мектепте асық үйірмелері бар. Балалар онда асық ойнауды үйренеді. Бүгінгі флешмобқа қаланың 7,8 сынып оқушылары қатысуда. Асық ойыны баланы шыдамдылыққа, икемділікке, зеректікке үйретеді. Айта кету керек, балалардың барлығы бүгінгі шараға ұлттық киімде қатысты», - деді ол.

Ерекше форматта өткен шара Цифрландыру жылы аясында ұйымдастырылып, бағдарламаны «Айдар» есімді жасанды интеллект жүргізді.
«Қазіргі заманда жасанды интеллектіні пайдаланудың үлкен пайдасы бар. Бүгін балалар жасанды интеллектпен тікелей байланыс орнатып, айтқан тапсырмаларын орындады. Яғни, болашақта балалар жасанды интеллектпен еркін түрде сөйлесіп, қарым-қатынас жасай алады деген сөз. «Айдар» атты жасанды интеллект асық жайлы ақпараттар берді, балаларға сұрақтарын қойды. Оқушылар оларға жауаптарын берді», - деді Олжас Семсерханұлы.

Жекпе-жек сарайында өткен мәдени-спорттық бағдарламаға 3 000 бала қатысып, арнайы қойылым арқылы сап түзеді. Қатысушылар асықтың «Алшы» бейнесі мен «Алтын сақа» сөзін бейнелеп, музыкалық сүйемелдеумен би билеп, флэшмобтың мазмұнын әсерлі түрде жеткізді.

Шараға қатысушы 7-сынып оқушысы Мизам Шарапиден асық ойнау-өте қызық ойын екенін айтты.
«Бүгінгі шараға қатысқаныма өте қуаныштымын. Мен балалармен бірге асықты жиі ойнаймын. Дәл қазір сыныптас достармен ойнап жатырмын. Асық ойыны достармен қарым қатынасты жақсартады», - деді ол.
Флэшмоб аяқталған соң, жасанды интеллект барлық білім беру ұйымдары – балабақшалар мен мектептерде ұлттық «Асық ойынының» басталғанын ресми түрде жариялады. Осы сәтте жасанды интеллектінің белгі беруі бойынша қаладағы мектептер мен балабақшаларда бір мезетте 15 мыңнан астам бала асық ойынын бастады.
Осылайша, іс-шара аясында жалпы саны 18 мыңнан астам бала ұлттық асық ойынына қатысып, ұлттық спорттың мәні мен маңызын кеңінен насихаттауға үлес қосты.