Миллионнан астам ауыл оқушысы заманауи мектептерде білім алады

Бүгін, 13:59
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Миллионнан астам ауыл оқушысы заманауи мектептерде білім алады
Фото: freepik.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2023–2025 жылдары елімізде шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдық елдімекендерде орналасқан 3 008 мектепке ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 «Модернизация қала және ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға, сондай-ақ, балаларға білім мен тәрбие беру үшін жайлы жағдай жасауға, материалдық-техникалық базаны күшейтуге бағытталған. Осы жұмыстар аясында мектептерге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп, заманауи пәндік кабинеттер сатып алынды, мектеп жиһаздары жаңартылды, кітапханалар мен асханалар жаңғыртылды, сондай-ақ қауіпсіздік жүйелері күшейтілді», - деп жазылған ақпаратта.

 2023–2025 жылдар қорытындысы бойынша:

•369 мектепте күрделі жөндеу жүргізілді;

•1 817 мектепте ағымдағы жөндеу жасалды;

•2 917 пәндік кабинет сатып алынды;

•1 697 мектепте жиһаз жаңартылды;

•2 413 мектептің кітапханасы жаңғыртылды;

•1 401 мектептің асханасы жаңартылды;

•1 705 мектепте қауіпсіздік жүйелері күшейтілді.

Сонымен қатар, 2023–2025 жылдары 2 752 мектеп үшін 4 320 пәндік кабинет сатып алынды, оның ішінде:

•2023 жылы – 1 072 мектеп (1 507 кабинет);

•2024 жылы – 920 мектеп (1 621 кабинет);

•2025 жылы – 760 мектеп (1 192 кабинет).

Бұл жұмыстардың нәтижесінде еліміз бойынша 1,1 млн-нан астам оқушының оқу жағдайы жақсарды.

Бұдан бөлек мектеп инфрақұрылымының бірыңғай заманауи форматына көшу үшін 2029 жылға дейін 1300-ге жуық мектепті реновациялау бағдарламасы басталды.

Бұған дейін Қазақстанда өткен жылы 162 жаңа мектеп салынғанын жаздық.