Қазақстанда өткен жылы 162 жаңа мектеп салынды
2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 236 мыңға жуық оқушы орнына арналған 162 мектептің құрылысы аяқталды. Оның ішінде 112 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында іске қосылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл білім беру ұйымдары 27 үш ауысымды және 11 апатты мектеп мәселесін шешуге бағытталған. Осы мақсатта бюджет қаражаты есебінен және инвестициялар тарта отырып жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 206 мың оқушы орнына арналған 112 жаңа форматтағы мектеп қодданысқа берілді, оның 40%-дан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Қазіргі таңда білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 89 мың оқушыға арналған 81 мектеп салынды. Оның ішінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша 13 мың оқушы орнына арналған 18 жаңа мектеп іске қосылды. Бұл шаралар еліміздің білім беру жүйесін ұзақмерзімді дамытуға және жаңғыртуға бағытталған», - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, қайтарылған активтер есебінен Ұлытау облысының Қаражал қаласы мен Маңдырай станциясында екі мектеп, Солтүстік Қазақстан облысында бір балабақша салынды.
Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 8 білім беру нысаны қаржыландырылды, оның ішінде 5 мектеп, 2 балабақша және 1 жатақхана бар.
Қосымша республикалық және жергілікті бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар тарту есебінен 16 мың оқушы орнына арналған 30 мектептің құрылысы жүргізілді. Сонымен қатар, қолданыстағы инфрақұрылымды жақсарту бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілді:
• реновация бағдарламасы аясында 209 мектеп жаңартылды;
• заманауи стандарттарға сәйкес 1 мың ауыл мектебі жаңғыртылды;
• ауыл мектептері үшін 1196 заманауи пән кабинеті сатып алынды.
Айта кетейік, жаңа нысандарды пайдалануға берудің нәтижесінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ, Қарағанды және Қызылорда облыстарында үш ауысымды оқыту мәселесі толығымен жойылды.
Бұған дейін «Келешек мектептері» ұстаздарының біліктілігін арттыру үшін арнайы курстар өтіп жатқанын жаздық.