Милан-2026 Олимпиадасына баратын жұлдызды бапкерлер
6 ақпан күні Италия жалауы желбірейтін қысқы Олимпиада ойындарына 36 спортшы баратыны белгілі. Ал олардың жетістікке жетуін жолында күні-түні еңбектеніп жүрген бапкерлер жайлы не білеміз? Осы орайда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Милан-2026 Олимпиадасына баратын 30 бапкердің ішінен мейлінше жетістікке жеткендерін ұсынады.
Алексей Урманов (Ресей) - Лиллехаммер қысқы Олимпиадасының чемпионы (1994), әлем чемпионатының қола жүлдегері (1993), Еуропа чемпионы (1997)
Мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоровты 2018 жылдан бері жаттықтырып келеді. Осы аралықта отандасымыз 2022 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты мен 2025 жылы ересектер арасындағы жаһандық додада күміс медальді жеңіп алды. Одан бөлек, 2025 жылы Төрт құрлық чемпионатында топ жарып, қысқы Азия ойындарында қола жүлдегер атанды.
Сергей Клечевня (Ресей) - Лиллехаммер қысқы Олимпиадасының 2 мәрте жүлдегері (1994), 3 дүркін әлем чемпионы (1996, 1997)
2023 жылдан бастап конькимен жүгіруден ұлттық құрамада жаттықтырушы-кеңесші болып істейді. Ол бұған дейін 2012–2016 жылдар аралығында Қазақстанның конькимен жүгіру ұлттық құрамасының бас бапкері болды. 2013 жылы оның жетекшілігімен қазақстандық спортшы Денис Кузин 1 000 метр қашықтықта әлем чемпионы атанды.
Алексей Есин (Ресей) - көп сайыстан 2015 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері
2020 жылы Ресей сапындағы спорттық мансабын аяқтап, конькимен жүгіруден Қазақстан тарапынан жаттықтырушы-кеңесші ретінде шақыртылды.
Ердос Ахмадиев (Қазақстан) - Сочи Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстанның туын алып шыққан.
2025 жылдың көктемінде шаңғыдан ұлттық құраманың бас бапкері ретінде тағайындалды. Милан Олимпиадасында оның шәкірті, 20 жастағы Әмірғали Мұратбеков те дебют жасайды.
Қайрат Биекенов (Қазақстан) - Қазақстанның тұңғыш Лиллехаммер Олимпиадасында туымызды алып шықты.
Қазір шаңғымен тұғырдан секіруден ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы. Бұған дейін де бапкер ретінде бірнеше қысқы Олимпиадаға барды.
Евгений Величко (Қазақстан) - 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының чемпионы. Ванкувер және Бейжің Олимпиадасының қатысушысы.
Қазір шаңғыдан аға жаттықтырушы.
Дмитрий Бармашов (Қазақстан) - 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының чемпионы. Ванкувер Олимпиадасының қатысушысы.
Фристайл-могулдан аға жаттықтырушы.
Илья Голендов (Қазақстан) - байдаркада есуден жазғы Азия ойындарының чемпионы (2014), Рио Олимпиадасының қатысушысы.
Қазір фристайл-акробатикадан ұлттық құраманың жаттықтырушы-кеңесшісі.
Жібек Арапбаева (Қазақстан) - Азия ойындарының күміс жүлдегері (2011), Ванкувер және Сочи Олимпиадасының қатысушысы.
Фристайл-акробатикадан ұлттық құраманың жаттықтырушысы. Бейжің Олимпиадасына да бапкер ретінде барды.
Бағлан Іңкәрбек (Қазақстан) - Сочи Олимпиадасының қатысушысы
Қазір фристайл-акробатикадан ұлттық құраманың бас бапкері. Оның жетекшілігімен 2025 жылы Дінмұхаммед Райымқұлов алғаш рет жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды. Харбиндегі қысқы Азия ойындарында Олимпиада чемпиондарын артқа қалдырып, сенсациялық алтын медальді иеленді. Милан Олимпиадасында бірінші мәрте фристайл-акробатикадан 5 ірдей спортшы жүлдеге таласуға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан уақытымен сағат 23:55-те Милан қаласында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты Qazaqstan, Qazsport, Khabar және Jibek Joly телеарналарынан көрсетіледі.
Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 36 спортшы қатысып, олар спорттың 10 түрі бойынша өнер көрсетеді. Дүбірлі дода 22 ақпанға дейін жалғасады.