Мемлекет басшысының Жапонияға ресми сапары мазмұнды әрі нәтижелі болды - Руслан Желдібай
Қасым-Жомарт Тоқаев Күншығыс елінің жоғары басшылығымен, жетекші компаниялардың топ-менеджерлерімен нәтижелі келіссөздер жүргізіп, Жапонияда білім алып, еңбек етіп жүрген қазақстандықтармен кездесті. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай қорытындылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазақстанға инвестиция тарту:
Президент жапондық ірі компаниялар және ұйымдар жетекшілерімен кездесулер өткізді. Олардың қатарында Mitsui трансұлттық сауда компаниясы, Rakuten Group халықаралық технология конгломераты, Sumitomo сауда-инвестициялық корпорациясы, машина жасау саласы бойынша әлемдегі ірі корпорациялардың бірі Komatsu, құрылыс пен тау-кен техникаларын өндіруде жетекші компания саналатын Hitachi Construction Machinery, сондай-ақ Жапонияның металл және энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі агенттігі бар.
Келіссөздерде өзара тиімді ынтымақтастық перспективасы талқыланды. Атап айтқанда:
-ядролық медицинаны дамыту;
-аса маңызды минералдарды барлау;
-логистика және цифрландыру;
-«жасыл» технологияларды енгізу,
-құрылыс және тау-кен құрал-жабдықтарының өндірісі мен сервистік қызмет көрсету.
Жоғары деңгейдегі кездесулер:
Император Нарухито мен Жапония Премьер-министрінің бір күнде қарсы алуы және ілтипат көрсетуі Мемлекет басшысының халықаралық қоғамдастықтағы беделі зор екенін байқатады. Жапон дипломатиясында мұндай протоколдық шаралардың кезектесе ұйымдастырылуы таңсық жағдай, сонымен қатар мейманға шексіз құрметтің белгісі ретінде бағаланады.
Бұдан бөлек, Президент Токио губернаторымен жүздесті. Кездесуде қала басқару ісінде Smart city технологияларын дамыту және инновациялық шешімдер енгізу мәселелері қарастырылды. Делегация мүшелері Қазақстан мен Жапония астаналары арасындағы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды.
Мемлекет басшысы Токиодағы БҰҰ университетінде дәріс оқыды.
Мұны да ерекше ықыластың көрінісі деуге болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев дәрісте қазіргі геосаясат, халықаралық аренадағы орта державалардың рөлі, жасанды интеллект маңызының артуы және Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалаудың қажеттілігі секілді негізгі мәселелерге назар аударды.
Президент су ресурстарын басқару ісіне арнайы тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған саланың өзектілігін айта келіп, бұл міндеттерді шешу үшін UN Water халықаралық ұйымын құру және Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік филиалын ашу жөнінде бастама көтерді.
Мемлекет басшысы БҰҰ университетінде Жапонияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучимен бейресми кездесу өткізді.
Президент Жапонияда еңбек етіп жүрген отандастарымызға да көңіл бөлді. Олармен арнайы жүздесіп, емен-жарқын әңгімелесті.
Сапар соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері басшыларымен бірге «ОА + Жапония» форматындағы бірінші саммитке қатысты.
Мемлекет басшысы өзара тиімді ынтымақтастықтың басым бағыттарына тоқталды. Соның ішінде:
-Қазақстан Жапониямен бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға, қолайлы инвестициялық климат қалыптастыруға дайын;
-Қазақстан Жапония Үкіметінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысу туралы шешімін құптайды;
-Еліміз «жасыл» технологияларды қолдана отырып, дәстүрлі қуат көзін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі;
-Қазақстан Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын қуаттайды. Бұл бастама сирек кездесетін элементтер мен басқа да аса маңызды минералдар өндірісін цифрландырып, экологиялық орнықтылықты арттырады.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев орнықты ауыл шаруашылығы саласында жапон ғалымдарының және сарапшыларының қатысуымен зерттеу платформасын құруды, сондай-ақ елімізде Жапония университеттері мен білім орталықтарының өкілдіктерін ашуды ұсынды.
Президент JICA агенттігінің Орталық Азиядағы су проблемасын шешуге қосқан үлесін атап өтті. Су үнемдеу технологияларын енгізу, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу, су саласын автоматтандыру мен цифрландыру және басқа да бағыттарда күш біріктіріп, тәжірибе алмасуға шақырды.
Мемлекет басшысы атом энергетикасындағы ынтымақтастыққа назар аударды. Еліміз әлемдік ядролық отын нарығында зор әлеуетке ие. Осы мүмкіндікті Жапонияның озық технологиясымен бір арнаға тоғыстыру аталған бағыттағы табысты ықпалдастыққа кепіл болады.
Ресми сапардың нәтижесінде жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды.
Президенттің барлық шетелдік сапары ел экономикасына айтарлықтай серпін береді. Сапарлар барысында миллиардтаған долларға бағаланған шетелдік инвестиция тарту жөніндегі келісімдерге қол жеткізіліп, тиісті шешімдер қабылданады.
Сол арқылы тауар айналымы мен экспорт ұлғая түседі. Бұл, әсіресе отандық өндірушілер үшін ерекше маңызды. Сондай-ақ сапарлар аясында стратегиялық мәнге ие нысандар ашылып, он мыңдаған жұмыс орны пайда болады, іскерлік байланыстар нығая түседі.
Визасыз режимдегі елдердің қатары көбейіп, Қазақстан азаматтарына тиімді жаңа әуе рейстері іске қосылады.
Еске салайық, бұдан бұрын Мемлекет басшысының «Орталық Азия - Жапония» диалогының бірінші саммитіне қатысуға барғаны туралы хабарладық.