Мемлекет басшысы Польша Сенатының Маршалы Малгожата Кидава-Блоньсканы қабылдады
Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Республикасы Сенатының Маршалы Малгожата Кидава-Блоньскамен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту және қос елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланысты кеңейту мәселелері талқыланды.

– Әлемдегі экономикасы ірі елдердің жиырмалығына енетін Польшамен ықпалдастықты ілгерілетуге ерекше мән береміз. Мемлекеттеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бері шынайы достық байланыстар қалыптасты. Парламентаралық диалог жоспарлы әрі табысты түрде дамып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Әңгімелесу барысында тарихи тамырластыққа айрықша назар аударылды. Президент көрнекті поляк этнографы Адольф Янушкевичтің қазақ тарихын, тұрмысы мен мәдениетін зерттеуге зор үлес қосқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдалана отырып, Польша Президенті Кароль Навроцкийге және Премьер-министр Дональд Тускке ыстық ықыласын жолдады.

Малгожата Кидава-Блоньска қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына шынайы ризашылығын білдірді.
– Сізбен кездесуді үлкен мәртебе санаймын. Қазақстанға жасаған алғашқы сапарымның мәні ерекше. Біз еліңізге поляк халқы үшін елеулі кезеңде келіп отырмыз. Яғни отандастарымыздың осы жерге күштеп жер аударылғанына 90 жыл толды. Оларға қазақ халқы сүйеу болып, қилы заманда қол ұшын созды. Бізді ортақ тарих қана емес, келешектегі мол мүмкіндіктер де біріктіреді. Польша үшін аймақтағы жетекші елдердің бірі саналатын Қазақстанмен ынтымақтастықты дамыту аса маңызды, – деді Сенат Маршалы.
Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Черногория Президенті Яков Милатович Бірлескен мәлімдеме қабылдады.