Маңғыстау түбегін Қазақстанда қалдырған геолог: Шахмардан Есенов туралы не білеміз

10 қыркүйек, 2026
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
Маңғыстау түбегін Қазақстанда қалдырған геолог: Шахмардан Есенов туралы не білеміз
Фото: Shakhmardan Yessenov Foundation

Қазақстанның бүгінгі экономикалық тарихын Шахмардан Есеновтің есімінсіз елестету қиын. Геолог ғалымның есімі Жезқазғанның мысымен, Маңғыстаудың мұнай-газымен және елдің ғылымын дамытуға бағытталған ірі бастамалармен тығыз байланысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ғалымдардың ғалымы Қаныш Сәтбаевтың шәкірті

Шахмардан Есенов 1927 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Тартоғай ауылында дүниеге келген. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келсе де, білім жолындағы ізденісін тоқтатпады. Жасөспірім арман арқалап Алматыға келіп, Қазақ тау-кен металлургия институтына оқуға түсті. Осы жерде болашақ академиктің өміріндегі маңызды кезең басталды – ол Қаныш Сәтбаевтың шәкірті атанды.

Тұтас кен орындарының тарихы бір адамнан басталған

Институтты тәмамдағаннан кейін Есенов ұзақ уақыт сол кездегі Жезқазған өңірінде әуелі геолог, кейін геологиялық барлау экспедициясының бас инженері болып қызмет етті. 1952–1960 жылдары Үлкен Жезқазғанның шикізат базасын зерттеу және бағалау бойынша жұмыстарды басқарды. Оның тікелей қатысуымен Жезқазғандағы мыс кендері ғана емес, кейін Қазақстанның экономикасы үшін аса маңызды болған бірқатар мұнай-газ және басқа да пайдалы қазба кен орындарын игеру жұмыстары жүргізілді.

Өзен, Жетібай, Қаражанбас, Қаламқас, Бозащы секілді Маңғыстау кен орындарының атауы бүгінде көпшілікке таныс. Ал өткен ғасырдың ортасында беймәлім болып келген бұл кен орындарының тарихы Шахмардан Есеновтің есімімен тікелей байланысты. Ұзақ жылдар халқымыздың иглігіне жарап жатқан «қара алтынның» қайнарлары оның тікелеуімен қатысуымен ашылған болатын.

Маңғыстаудың тағдырын шешкен тұлға

Шахмардан Есенов туралы айтқанда ең көп назар аударылатын оқиғалардың бірі – Маңғышлақ мәселесі.

1960 жылдардың басында түбектен ірі мұнай-газ қорлары анықталғаннан кейін сол кездегі Кеңес Одағының басшысы Хрущев бүкіл аумақты Түрікменстан мен Әзірбайжан сияқты одақтас республикаға бермек болды. Сол кезде Қазақстан басшылығы бұл идеяның жүзеге аспауы үшін әрекет жасап, бұл мәселені қорғап шығуды Шахмардан Есеновке тапсырған. Ол Мәскеуде өткен жабық үкімет отырысында Маңғыстау Қазақстанның құрамында қалу керек екенін, еліміз бұл аймақты игере алатынын дәлелдеп шықты.  Нәтижесінде тарихи шешімге қол жеткізілді - түбек Қазақстан құрамында қалды.

33 жасында ең жас министр атанды

Есеновтің мансабы да ерекше. Ол 1961 жылы небәрі 33 жасында Қазақ КСР Геология министрі болып тағайындалып, КСРО тарихындағы ең жас министр атанды. Кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Ғылымның дамуына үлес қосты

1967 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып сайланды. Осы қызметте жүрген кезінде ғылымның түрлі бағыттарын дамытуға көңіл бөлді. Алматыда сейсмология институтын құруға да ықпал етті.

Ғалым геологиямен ғана шектелмей, Қазақстан ғылымының жалпы дамуына үлес қосты. Оның бастамаларымен геологиялық зерттеулерде электрондық-есептеу техникасын қолдану қолға алынды.

Сонымен қатар Қазақстанда әл-Фарабидің ғылыми мұрасын жариялау ісіне де үлес қосты. Есенов әл-Фарабидің аса маңызды трактаттарын үлкен басылымдармен басып шығаруды ұсынды. Оның қолдауымен ғұламаның шетелдегі ғылыми еңбектерін, қолжазбаларын Қазақстанға қайтаруға қол жеткізілді.

Ол ғылымды кейінгі ұрпаққа жеткізуге ерекше мән берген. 1978 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ политехникалық институтында профессор және пайдалы қазба кен орындарын іздеу мен барлау әдістемесі кафедрасының меңгерушісі болды. Оның ғылыми мұрасында 100-ден астам еңбек бар.

Ғалымның хаты өшпейді...

Шахмардан Есенов 1994 жылғы 24 тамызда Алматыда қайтыс болды. 1995 жылы Ақтау политехникалық институтына оның есімі берілді. Бүгінде бұл оқу орны – Yessenov University деп аталады. Онда талай Есеновтың ізбасарлары білім алып, туған жердің игілігіне жарар мамандық алуда.

Шахмардан Есеновтің өмірін ой көзімен барласақ, геолог тек жер астындағы қазынаны іздеп тауып қана қоймай, сол арқылы тұтас өңірдің, тіпті елдің болашағын айқындайтынын ұғамыз. Ғалымның өмірі - осы сөзіміздің бұлтартпас дәлелі.

Оның есімі Қазақстанның ғылымы мен экономикасының тарихында мәңгі сақталды.