Мәжіліс қолданыстағы Салық кодексіне коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдарға салық салу мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы заңды бірінші және екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Парламент депутаттары бастамашылық еткен түзетулер коммуналдық меншіктегі, бір мезгілде электр энергиясын, су мен жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымдар үшін грант немесе басқа да өтеусіз көмек көлемінің азаюына жол бермеу мақсатымен әзірленді.
«Заңда мемлекеттік көмек (Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың резервінен бөлінген субсидияларды қоса алғанда) 100 пайыз акциясы (жарғылық капиталға қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі энергия өндіруші ұйымдар үшін табыс ретінде қарастырылмайтыны көрсетілген. Мұндай көмекпен жабылатын шығын салық салу кезінде шегерімге жатпайды», - делінген хабарламада.
Бұл түзетулер мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігін арттыруға тиіс.
Бұған дейін ҚҚС төлеу кейінге қалдырылатын импорттық тауарлар тізбесі белгілі болғанын жазғанбыз.