«Көмек сұраған дауысты естіген»: Астанада мұз астына түсіп кеткен адамды құтқарған азамат марапатталды
Астана тұрғыны Есіл өзенінде мұз астына түсіп кеткен ер адамды құтқару кезінде көрсеткен батылдығы үшін марапатталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Сайранұлы Әріновтың бұйрығына сәйкес, Есіл өзенінде мұз астына түсіп кеткен ер адамды құтқару кезінде батылдық танытқан Айткен Азамат «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.
Оқиға 10 желтоқсанда Марал көпірінің маңында болды. Серуендеп жүрген Азамат Омарұлы көмек сұраған дауысты естіп, суға батып бара жатқан адамға дереу көмекке ұмтылды. Оның жедел әрі батыл әрекетінің нәтижесінде 1963 жылы туған ер адам аман қалды.
«Салтанатты рәсімде Астана қаласы ТЖД бастығы Марат Мұхаметкалиұлы Күлдіков Айткен Азаматқа медальді табыс етіп, батыл әрекеті үшін алғыс білдірді», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін автожолдарда қар құрсауында қалған жолаушылар қалай әрекет етуі керек екені туралы жазған болатынбыз.