Киберфутбол: қарағандылық Англияда өтетін турнирде ел намысын қорғайды

Киберфутбол: қарағандылық Англияда өтетін турнирде ел намысын қорғайды
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Қарағандылық Данияр Шарабадин ұлттық киберфутбол лигасы eKPL-дің алғашқы чемпионы атанды. Турнирдің гранд-финалы Қарағандыда өтіп, елдің ең мықты ойыншыларын жинады, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Лиганың алғашқы маусымы үш кезеңнен тұрды: клубтық іріктеу, онлайн-чемпионат және Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өткен әсерлі LAN-финал.

Шешуші кезеңде «Шахтёр», «Қайрат», «Ұлытау», «Ертіс», «Атырау», «Қайсар», «Астана» және «Жеңіс» клубтарының өкілдері бақ сынады. Ойындар плей-офф жүйесінде BO1 форматында, әр тайм тоғыз минуттан өтіп, қателікке жол берілмейтін тартысты жағдайда өтті.

Турнирдің шарықтау шегі гранд-финал болды. Онда Олжас Есентаев («Қайрат») пен Данияр Шарабадин («Шахтёр») кездесті.

Қарағандылық ойыншы сенімді жеңіске жетіп, чемпион атағын және Англияда мамыр айында өтетін eChampions League халықаралық турниріне жолдама алды.

«Мен футболмен он жылдан бері айналысамын, ал өткен жылдан бастап киберфутболда өзімді сынап көре бастадым. Классикалық футболда нәтиже көп жағдайда командаға байланысты болса, мұнда бәрі өз қолыңда жеңіс те, жеңіліс те. Қызығы да осында», – деді Данияр Шарабадин.

Жоба серіктестерінің бірі Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы болды. Ұйым өкілдері киберспорттың болашағы зор екенін атап өтті.

«Киберспорт жай ғана ойын емес, бұл – жаңа индустрия әрі футболдың жаңа форматы. Ол талдауды, жылдам ойлауды талап етеді. Жеңіске жету үшін тыңғылықты дайындық, тәртіп пен табандылық қажет», – деді QOFA әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Данияр Кәрібаев.

Финалға Phygital CyberLeague жобасының қатысушылары да келді. Бұл – цифрлық және дәстүрлі спорт түрлерін біріктіретін фиджитал-спорттың жаһандық қозғалысының бір бөлігі. 

Мұндай формат жас спортшыларға өзін бірден екі ортада – виртуалды және физикалық кеңістікте көрсетуге мүмкіндік береді.

«eKPL футболдың тек алаңда ғана емес, цифрлық ортада да дамып жатқанын көрсетеді. Футзал немесе жағажай футболы сияқты, киберфутбол да жаңа аудиторияны тартатын бағыттардың біріне айналуда», – деді Қазақстан футбол федерациясының өкілі Әлішер Қайырбеков.

eKPL-дің алғашқы маусымы елдегі киберфутболды дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Ол бұл бағыттың тек көрермені емес, толыққанды бәсекелік әлеуеті бар екенін көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, жақында футболшы Дастан Сәтпаевқа «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы табысталған болатын.