Елімізде оқушылар үшін заманауи, қауіпсіз әрі тең білім беру ортасын құруға бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы табысты іске асырылып келеді. Сондай білім ошағының бірі елордадағы №109 мектебі 2000 оқушыны бір ауысымда оқытуға шақталған, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана қаласындағы № 109 жалпы орта білім беретін мектеп 2025 жылдың қаңтар айында ашылған.

Аталған білім ошағында оқушылардың барынша ыңғайлы әрі сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған.
2000 орындық жаңа мектептің директоры Жанар Ермұхамбетованың айтуынша, мұнда қауіпсіздік пен жайлылық басты назарда.
«Мектеп аумағында орнатылған 184 бейнебақылау камерасы мектептің ішкі аумағын толықтай бақылауға мүмкіндік береді. Кең дәліздер оқушылардың еркін қозғалуы үшін өте қолайлы. Жаңа модификациядағы кабинеттер заманауи техникамен жабдықталған, бұл оқушылардың интерактивті түрде білім алуына жол ашады», - деді ол.

Үлкен іс-шаралар мен мектеп жиындарын өткізуге арналған 428 орындық мәжіліс залы заманауи құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар мектепте педагогтардың жұмысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін 3 мұғалімдер бөлмесі бар. Әр кабинетте алғашқы медициналық көмек беру кезінде керекті арнайы медициналық қобдишасы қарастырылған.
Аталған мектепте барлық қажетті оқу құралдарымен жабдықталған сыныптар, кең демалыс аймақтары, шығармашылық жұмыстарға арналған коворкингтер, компьютерлік сыныптармен қатар, STEM кабинеті де қарастырылған.

Жайлы мектеп басшысының сөзінше, бұл жерде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға өз мүмкіндіктерін толықтай ашуға және сапалы білім алуға жағдай жасалған. Оларға кедергісіз орта құру мақсатында арнайы оқу бөлмелері мен сенсорлық кабинет толық жабдықталып, мектеп ғимаратында пандустар, кең лифтілер, тактильді жолақтар мен арнайы дәретханалар орнатылған.
«Біздің жайлы мектеп – білім беру процесін жаңа деңгейге көтеретін, балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз ортаны қамтамасыз ететін орын. Жайлы оқу ордамызда көптеген оқушының оқу сапасы мен әлеуеті артады деген үміттеміз», - деді мектеп директоры.

Балалардың бойындағы бар қабілетін шыңдау үшін мектепте спорт, өнер секциялары ашылған. Атап айтқанда, «Тоғызқұмалақ», «Волейбол», «Шахмат», «Баскетбол», «Бес асық», би, хор және домбыра үйірмелері жұмыс жүргізеді. Шешендік өнері бар, ойын ашық жеткізе алатын, тіл байлығы терең оқушыларға арнайы «Дебат» клубы да құрылған.

Мектепте оқушыларға 101 педагог білім береді. 34 техникалық қызметкерлер еңбек етеді.
Білім ошағында қауіпсіздікке баса мән берілген. Мысалы, кіре берісте турникеттер орнатылған. Оқушылар ғимарат ішіне FaseID арқылы кіреді.