09.12.2025
RU
Мәзір

«Келешек мектебі»: елордадағы №116 жалпы орта білім беретін мектепте инклюзивті орта қалыптастырылған

|
«Келешек мектебі»: елордадағы №116 жалпы орта білім беретін мектепте инклюзивті орта қалыптастырылған
Фото: Астана қаласы №116 мектебі

Астанадағы №116 жалпы орта білім беретін мектеп – «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған заманауи білім беру ұйымдарының бірі. Жаңа мектеп биыл 1 қыркүйек – Білім күнінде есігін айқара ашты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласының «Алматы» ауданы, Оңтүстік-шығыс тұрғын үй алабы, 38, Төлебаев - Бурабай көшелерінің қиылысында орналасқан білім ордасының ашылуы аталған аудандағы №№74, 83 мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешуге көп көмегін тигізді.
Жаңа мектеп пайдалануға берілгеннен кейін, Қордай, Отыкен, Құмкент, Сартай, Сарыағаш, Сарқан,Түлкібас, Мойынты, Баянтау, Алмалы, Бөрілі, Енесай, Өзбекәлі Жәнібек және тағы да басқа көшелердегі үйлерде тұратын тұрғындар балаларын жақын жерде оқытуға мүмкіндік алды. 

«Білім ордасында 2877 оқушы білім алып жатыр. Олардың қатарында ерекше білімді қажет ететін 58 бала бар, жалпы орта білім беретін мектеп болғандықтан, олар барлық оқушылар сияқты әдеттегі сыныптарда отырады. Балаларға ерекше көңіл бөлініп, логопед, психолог, дефектолог мамандар арнайы сабақтар ұйымдастырады», - дейді Астана қаласы әкімдігінің №116 жалпы  орта білім беретін мектебінің директоры Эльмира Ильясова.

Мектепте кіреберістен бастап инклюзивті орта қалыптастырылған. Яғни қозғалысында қиындығы бар, көру, есту қабілеті нашар оқушылар үшін пандус, сары жолақ, арнайы шақырту тетіктері орнатылған. 

«Білім ордасында 167 ұстаз жас ұрпаққа білім мен тәрбие береді. Оның ішінде 2 педагог-шебер, 32 педагог-зерттеуші, 29 педагог-сарапшы, 23 педагог-модератор мұғалімдеріміз бар», - дейді мектеп директоры. 

Оның айтуынша, мектепте сенсорлық кабинеттер, STEM, робототехника, ІТ кабинеттер, 4 спортзал, хоккей алаңы, кітапхана, асхана жұмыс істейді. 


 
Әрбір сынып бөлмелері толық интерактивті тақталармен, қажетті барлық дидактикалық материалдармен қамтылып, химия, биология, физика, технология кабинеттері арнайы зертханалармен жабдықталған.

Сондай-ақ «Адал азамат» тәрбие тұжырымдамасы негізінде «Шабыт», «Балалар кітапханасы», «Еңбегі адал жас өрен», «Ұшқыр ой алаңы», «Қамқор», «Смарт бала» жобалары қолға алынған. Би, домбыра, карате, футбол, волейбол, баскетбол, робототехника, т.б. үйірмелер де кемел ұрпақ тәрбиелеуде өз жемісін беруде. 

Осындай жүйелі оқу-тәрбие жұмыстарының нәтижесінде мектеп оқушылары өз жетістіктерін көрсетіп келеді. Бүгінде көптеген шәкірттер - «Алтын түлек», «Алтын сақа» пәндік олимпиадалары, ғылыми жобалар, «Зерде» зерттеу жобасы, т.б. байқаулардың жүлдегерлері. 

Мектепте қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалдырылмаған. Мектепте 3 блокта күзет қойылған. 200-дей бейнекамералар орнатылған. Сондай-ақ барлық блоктарда орналасқан Face ID жүйесі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Еске салайық, бұған дейін «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған басқа да заманауи білім беру ұйымдары туралы жазған едік. 

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗