Есірткі таратқан интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылды - IIM
Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағында есірткі заттарын интернет арқылы байланыссыз тәсілмен таратумен айналысқан интернет дүкеннің қызметін тоқтатты.
«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қылмыстық топтың 11 қатысушысы, оның ішінде ұйымдастырушылар, операторлар және заңсыз қызметті қаржылық сүйемелдеуді қамтамасыз еткен тұлғалар ұсталды.
Заңсыз айналымнан шамамен 3 келі синтетикалық есірткі заттары, сондай-ақ қылмыстық схеманы үйлестіру үшін пайдаланылған байланыс құралдары, банк карталары және цифрлық тасымалдағыштар тәркіленді», - делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Интернет арқылы есірткі сататын дүкендер мен есірткі өткізудің заңсыз арналарының жолын кесу бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр.