Ербол Мырзабосынов: Конституция жобасының ашық талқылануы азаматтық белсенділіктің артқанын көрсетеді.

Ербол Мырзабосынов: Конституция жобасының ашық талқылануы азаматтық белсенділіктің артқанын көрсетеді.
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Дзюдодан Grand Slam турниріне және жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Азия чемпионатына қатысатын ұлттық құрама мүшелерімен кездесуде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың 6-8 ақпан күндері Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтетін жабық кешендегі XII Азия чемпионатына, сондай-ақ дзюдодан 7-8 ақпанда Францияның Париж қаласында өтетін Grand Slam турниріне дайындығы талқыланды.

Жиында ұлттық құрамалардың бас бапкерлері спортшылардың дайындық деңгейі, оқу-жаттығу жиындарының нәтижелері және алдағы жарыстарға қойылған негізгі мақсаттар туралы баяндады.

Кездесуде елде талқыланып жатқан конституциялық реформалар тақырыбы да қозғалды. Министр спорттағы әділ ережелер мен қоғамдағы заң үстемдігі арасындағы байланысты атап өтті. Оның айтуынша, спортта ереже әділ болған жағдайда ғана сенім мен нәтиже қалыптасады. Бұл қағида қоғам өмірінде де өзекті.

«Қазіргі таңда жаңа Конституция жобасының ашық талқылануы – қоғамның дамып, азаматтық белсенділігінің артқанын көрсетеді. Реформалардың негізгі мақсаты – адам құқықтарын қорғауды күшейту, заң үстемдігін нығайту және әділ қоғамдық тәртіп қалыптастыру. Маңыздысы – бұл үдерістің ашық әрі жария түрде өтіп жатқаны», – деді министр. 

Кездесу соңында ортақ ережеге деген сенім болған жағдайда ғана спортта да, қоғамда да тұрақты даму мен алға жылжу болатыны атап өтілді.