Елордалық оқушы жасөспірімдер арасында жылдам шахматтан ел чемпионатында жеңіске жетті

Елордалық оқушы жасөспірімдер арасында жылдам шахматтан ел чемпионатында  жеңіске жетті
Фото: Республикалық физика-математика мектебі

Астанадағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Ерғали Сүлеймен Қазақстан чемпионатында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында шахматтың рапид түрінен жеңіске жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz мектептің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістанда шахматтан ел чемпионаты өтті. 10 күнге созылған ала тақта аламанында еліміздің 20 өңірінен келген зияткерлер түрлі жастағы ел чемпиондарын анықтады. Астана қаласындағы РФММ-ның 11-сынып оқушысы Ерғали Сүлеймен Қазақстан чемпионатында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында рапид түрінен жеңіске жетті.

«Мен үшін шахмат тек ойын емес, менің сүйікті ісім, ал РФММ — менің сүйікті мектебім. Кішкентай кезімде-ақ мен болашағымды шахматқа арнап, кәсіби деңгейде ойнағым келетінін түсіндім. Осы арманымның ақиқатқа айналуына Республикалық физика-математика мектебі үлкен қолдау білдіреді», - дейді Ерғали Сүлеймен.

Ерғали осыған дейін бірнеше мәрте шахматтан Астана чемпионы атанып, Азия чемпионатында блицтен 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында жеңіске жеткен. 2025 жылы Сүлеймен Ерғали 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында блиц пен рапидтен Әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ өткен жылы ол Лондондағы командалық жарыста блиц бойынша алтын медаль жеңіп алды.

«Шахмат мені ойлауға, шешім қабылдауға және жауапкершілікті сезінуге үйретеді», — деп толықтырады ел чемпионы. Жас спортшы жетістігіне жетуде жаттықтырушылары мен мектебінің қолдауын ерекше атап өтеді. РФММ оған оқуын спорттық мансаппен қатар жүргізуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтады.

Бүгінде Сүлеймен Ерғали жаңа мақсаттар қойып, шахматтағы биіктерді бағындыруға ұмтылуда. Оның келесі арманы — гроссмейстер атағына жету, және ол осы жолда табанды еңбек етуде. Турнир нәтижесі бойынша Ерғали әлемдік жарыстарға баратын Қазақстан құрамасының сапына өтті.

Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Мәдина Момын да ел чемпионатында екінші орынды еншілеп, қыздар арасындағы жарыста вице-чемпион атанды.

Ел чемпионатының қорытындысына сәйкес командалық есепте Астана қаласының шахматшылары көш бастады.

Еске салсақ, Милан-2026 Олимпиадасына алғаш лек қатарында барған ерлі-зайыпты конькишілер Кристина Силаева мен Евгений Кошкиннің сұхбатын жарияладық.