Кристина Силаева: Милан-2026 Олимпиадасының атмосферасы әлі сезілмейді
Милан-2026 Олимпиадасына 30 қаңтарда алғаш лек конькимен жүгірушілер аттанды. Биылғы құрамның ерекшелігі – 2023 жылы Ресейден ауысып келген Кристина Силаева отандық конькишіміз Евгений Кошкинге тұрмысқа шығып, ерлі-зайыпты ретінде Олимпиадада қазақтың намысын қорғайды. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі Милан қаласында жүрген спортшылардан Олимпиада қарсаңындағы жай-күйін сұрады.
- Қазақстан құрамасы алдағы Олимпиадада 10 спорт түрінен қатысатындығы белгілі. Бірақ сіздер жарыстың басталуына бір апта бұрын бардыңыздар. Қандай әсердесіздер?
- Біз жылдың басынан бері Германияның Инцель қаласында оқу-жаттығу жиынымызды өткізіп, әлем Кубогының шешуші кезеңіне қатыстық. Одан кейін бірден Милан қаласына аттандық. Қос қаланың арасы қатты алыс емес. Шамамен 600-дей ғана шақырымды ғана құрайды. Иә, тек Қазақстаннан ғана емес, әлемде де Олимпиада қалашығына барған алғаш лектің қатарынан болдық. Милан-2026 Олимпиадасының атмосферасы әлі сезілмейді. Жан-жағымызда барлығы ресми ашылуға дайындалып жатыр.
- Жарыс алаңы қалашыққа жақын ба екен? Милан Олимпиадасы өтетін мұзда бұған дейін сырғанап па едіңіздер?
- Қатты жақын деп айта алмаймын. Шамамен жолға 35-45 минут уақыт кетеді. Миландағы мұзды бірінші рет көріп отырмыз. Ерте келгеннің бір пайдасы – мұзға бейімделіп, үйреніп жатырмыз. Барлық ел спортшыларының жағдайы бірдей. Бізден бөлек, Канада, АҚШ, Оңтүстік Кореяның да спортшылары жаттығып жатыр.
- Сіз былтыр Норвегияда өткен әлем чемпионатында 500 метр қашықтықта сынға түсіп, 4-орынға тұрақтаған едіңіз. Сол сәтте сіз әлі де маусымға толық дайын еместігіңізді айттыңыз. Биылғы маусым қалай өтіп жатыр?
- Олимпиада болған соң, әлем Кубоктарының арасы өте тығыз болды. Әйтсе де көрсеткіштеріміз жаман емес. Соңғы Германияда өткен әлем Кубогының кезеңінде 500 метрде 4-орынға жайғастым. Ал жалпы есепте ТОП-10-ға кірдім. Ең бастысы, мен бала кездегі арманым – қысқы Олимпиадаға бару бақыты бұйырды.
- Сіздер Евгений Кошкин екеуіңіз бір спорт түрінен ел намысын қорғағалы жатырсыздар. Үлкен спортта ерлі-зайыпты болу қаншалықты тиімді?
- 2024 жылдың жазында ресми түрде үйлендік. Содан бері оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға бірге барамыз. Екеуміз бір-бірімізге білгенімізді үйретеміз. Соның ықпалы болса керек тәжірибелі спортшы ретінде алға қадам басқанымызды сеземіз.
- Сұхбатыңызға рақмет!