Елордалық джиу-джитсу шеберлері Францияда топ жарды
Франция астанасы Париж қаласында джиу-джитсудан ересектер арасында өткен PARIS JUJITSU GRAND PRIX 2026 (JJIF Grand Prix) халықаралық турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әлемнің 28 елінен жиналған 550 спортшы бақ сынаған байрақты бәсекеде елордалық саңлақтар ел абыройын асқақтатты. Бұл жарыста Қазақстан намысын қорғаған Астана қаласының екі спортшысы жоғары нәтиже көрсетіп, Париж төрінде топ жарды.
Атап айтқанда, жарыстың алғашқы күні 56 келі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан Бекзат Қазтаев қарсыластарының бәрінен басым түсіп, чемпион атанды.
Ал жарыстың екінші күнінде 85 келі салмақ дәрежесінде белдескен Мерей Қабдуллаев та жоғары деңгейдегі шеберлігін көрсетіп, алтын жүлдені қанжығасына байлады.
Осылайша, жаттықтырушы Арманжан Рузахунов баптайтын елордалық қос спортшы Париж төрінде ел абыройын асқақтатты.
Еске сала кетейік, бокстан Қазақстан құрамасы әлем кубогында 7 медаль жеңіп алды.