Елордадан бір түнде 70 мың текше метр қар шығарылды
Астанада қалың қар жауып, күн күрт суытты. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қаланың коммуналдық қызметі тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түнде елорда аумағынан арнайы полигондарға ауыр жүк көліктерімен 4 502 рейс жасалып, шамамен 70 мың текше метр қар шығарылды.
14 қаңтар күні таңғы уақыттан бастап қар күреу жұмысына 3 мыңнан астам жол жұмысшысы мен 1 900-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.

Қыс мезгілі басталғалы бері 187 120 рейспен жалпы көлемі 2,4 миллион текше метрден астам тасымалданды.
Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіледі. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылады.
Сонымен қатар аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің міндетіне жатады. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақтылы тазалауы тиіс.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.
«Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, бүгін елордада аяз болады. Соған байланысты екінші ауысымдағы 0-9-сынып оқушыларына сабақ қашықтан өткізілетінін хабарлаған болатынбыз.