Елордада «Брюгге» футбол клубының үш жанкүйері қамауға алынды

Елордада «Брюгге» футбол клубының үш жанкүйері қамауға алынды
Фото: freepik.com

Бельгиялық «Брюгге» футбол клубының үш жанкүйері қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.

Бұған дейін әлеуметтік желіде осыған қатысты видео таралды. Онда «Астана Арена» стадионында «Қайрат» клубымен өткен матчта шетелдік клубтың жанкүйерлері сыртқы киімдерін шешіп «Борат» фильміндегі шомылу киімімен тұрғанын көруге болады.

Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, 20 қаңтар күні футбол матчында үш ер адам айналасындағыларға құрметсіздік білдіріп, қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекет жасаған. Полиция алкогольдік мас күйде болған үш шетелдік жанкүйерді ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Қоғамдық орында мас күйде болғаны, сондай-ақ ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 434 және 440-баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды.

«Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімімен ұсталған әрбір азаматқа 5 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды», делінген хабарламада.

Департамент бұқаралық шара кезінде қоғамдық тәртіптің сақталуына күшейтілген бақылау жүргізілетінін ескертті.  

Еске сала кетсек, 20 қаңтарда «Астана Арена» стадионында өткен «Қайрат» пен «Брюгге» командалары арасындағы футбол матчында жанкүйерлерге арналып тосын сый ұйымдастырылды.