Елорда күніне орай Астанада ескек есуден қала чемпионаты өтті
Елорда күніне орай Астанада байдарка және каноэде есуден қала чемпионаты өтті. «Толқын» спорт кешенінің маңындағы есу арнасында ұйымдастырылған жарысқа 2012–2015 жылы туған 50-ге жуық жас спортшы қатысып, Қазақстан чемпионатына жолдама үшін бақ сынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Жарыстың ашылу салтанатына Астана қаласы Алматы ауданының әкімі Рүстем Тәуекелов қатысып, елордада ескек есу спортының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Ескек есу спорты елордада 2000 жылдан бері қарқынды дамып келеді. Бүгінде Астанада заманауи спорттық базалар жұмыс істейді. Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болашақ чемпиондарды даярлау жүйелі түрде жүргізілуде. Осы еңбектің нәтижесінде елордалық спортшылар Азия чемпионаттары мен халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанның абыройын асқақтатып жүр. Бүгінгі жарыс елорда күніне орай ұйымдастырылған», – деді Рүстем Тәуекелов.

Чемпионат барысында спортшылар K1 және C1 санаттары бойынша 200 және 500 метр қашықтықта сынға түсті. Байдарка мен каноэ сырт көзге ұқсас болғанымен айырмашылығы бар. Байдаркада спортшы отырып, екі жүзді ескекпен жүзсе, каноэде бір тізесін тіреп, бір жүзді ескекпен жарысады.
Бұл жарыс Қазақстан чемпионатына іріктеу кезеңі саналады. Үздік нәтиже көрсеткен 15 спортшы Жезқазғанда өтетін ел біріншілігінде Астана қаласының намысын қорғайды.
«Бүгінгі жарысқа 50-ге жуық жас спортшы қатысып жатыр. Бұл Қазақстан чемпионатына іріктеу кезеңі. Осы жарыста үздік шыққан 15 спортшы Астана қаласының намысын қорғап, Жезқазғанда өтетін Қазақстан чемпионатына жолдама алады. Ал ел біріншілігінің қорытындысы бойынша Азия және әлем чемпионаттарына қатысатын ұлттық құрама жасақталады. Жарысқа қатысып отырған спортшылардың барлығы №4 мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері. Биылғы 4–7 маусым аралығында Түркістан қаласында өткен Азия чемпионатында мектебіміздің спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, 8 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 5 алтын және 3 күміс жүлде бар. Бұл көрсеткіш елордадағы ескек есу спортының қарқынды дамып келе жатқанын айғақтайды. Бүгінгі жарысқа 2012–2015 жылдары туған ұлдар мен қыздар қатысуда», – деді Астана қаласы әкімдігінің №4 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Мұхамед-Рахим Ибраев.

Жас спортшылардың қатарында 12 жастағы Қайсар Тұрғыналы да бар. Ол болашақта халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауды армандайды.
«Бүгін 500 метр қашықтыққа байдаркамен есу жарысына қатыстым. Бұл спорт түріне мені алғашында ата-анам алып келген болатын. Сол уақыттан бері ескек есуге қызығушылығым артып, тұрақты түрде жаттығып келемін. Қазір осы спортпен айналысып жүргеніме 10 ай болды. Мен 12 жастамын. Болашақта жаттығуды тоқтатпай, шеберлігімді шыңдап, республикалық және халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанғым келеді. Ол үшін бар күш-жігерімді салып, еңбектенуге дайынмын», – деді №4 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің шәкірті Қайсар Тұрғыналы.

Су үстіндегі тартысты бәсеке мәресіне жеткенімен жас спортшылардың үлкен спорттағы жолы енді ғана басталып отыр. Бүгінгі жарыста үздік атанғандар алдағы Қазақстан чемпионатында елорданың намысын қорғап, халықаралық ареналарға жолдама алу үшін бақ сынайды.
