Елде су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
1 наурыздан бастап Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп су тасқынына қарсы жедел штабтың жұмысын ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта гидрологиялық жағдай тәулік бойы бақыланып, барлық іс-қимылдар үйлестірілуде.
Өңірлерде азаматтық қорғау қызметтері мен жауапты ведомстволардың әрекеттерін үйлестіретін облыстық жедел штабтар жұмыс істеуде. Жалпы елдегі су тасқыны жағдайы тұрақты, алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.

Су тасқыны қаупін азайту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 8 млн текше метрден астам қар шығарылып, 698 мың текше метр еріген су сорылды. Сонымен қатар 41 мыңнан астам қап төселіп, 3 мың тонна инертті материал пайдаланылды. 1,8 млн метрден астам арықтар мен каналдар тазартылып, 6 мыңға жуық уақытша бөгет пен үйінді салынды.
Тоғыз өңірдегі 203 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізіліп, жалпы 592 мың шаршы метр аумақ қамтылды. Сондай-ақ 29 мың метр мұз кесіліп, 40 мыңға жуық ойық бұрғыланды.
Су тасқынына қарсы жұмыстарға 147 адам, 364 техника, 30 мотопомпа және жүзу құралы жұмылдырылды. Сонымен қатар 36 әуе барлау жүргізіліп, 250 су басу қаупі бар елді мекен тексерілді.
ТЖМ әскери бөлімдерінің 245 қызметкері мен 18 техникасы да жұмысқа тартылып, олар Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы қауіпті учаскелерге шоғырландырылды.

Қазіргі таңда Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Ақмола облыстарында 11 су тасу фактісі, сондай-ақ Ұлытау мен Ақмола облыстарында 4 су шаю жағдайы бақылауда.
Ақмола облысында алдын алу шаралары қарқынды жүргізілді: 14 аудандағы өзендерде мұз жару жұмыстары аяқталып, 63 учаске қамтылды. Сонымен қатар 409 метр қорғаныш бөгеттері салынды, 1,47 млн текше метрден астам қар шығарылып, 478 мың метр арық тазартылды.
Қарағанды облысында жағдай тұрақты. Нұра өзенінде мұз кептелістерінің алдын алу жұмыстары жүргізіліп, өзендердің мұздан аршу процесі жалғасуда.

Павлодар облысында Екібастұз маңындағы ауылда су жиналуына байланысты жолдың бір бөлігі ашылып, көлік қозғалысы балама бағытқа ауыстырылды. Елді мекенге қауіп жоқ, жағдай бақылауда.
Батыс Қазақстан облысында да дайындық жұмыстары жүргізіліп, қорғаныш бөгеттері нығайтылып, өзен арналары тазартылды. Су деңгейі бақылауда, трансшекаралық өзендерге тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Еске салсақ, республикалық жолдарда су шаю қаупі жоғары аймақтардың белгіленіп жатқанын жазғанбыз.