Республикалық жолдарда су шаю қаупі жоғары аймақтар белгіленіп жатыр
ҚазАвтоЖол республикалық маңызы бар автожолдарда су басу қаупі жоғары учаскелерге арнайы ақпараттық паннолар орнатып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.
Аталған шара жүргізушілерді алдын ала ескертіп, жолдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Компания мәліметінше, жолдың жүріс бөлігін су шаю қаупі туындайтын аймақтарда көлік жүргізушілері ерекше сақ болуы тиіс. Осыған байланысты мамандар қозғалыс жылдамдығын төмендетіп, қауіпсіз арақашықтықты сақтауды және қауіпті учаскелерден өту кезінде барынша мұқият болуды сұрайды.
Сондай-ақ жүргізушілерге орнатылған ескерту белгілері мен ақпараттық тақтайшаларға назар аудару маңызды екені ескертілді.
«Осы талаптарды сақтау жол апаттарын алдын алып, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - делінеді хабарламада.

Еске салсақ, еліміздің су тасқыны қауіпті учаскелеріне мониторинг жүргізілген еді.