Digital Qazaqstan: 3 мың IT-маман қатысатын Decentrathon 5.0 хакатоны басталды
Шымкентте Digital Qazaqstan алғашқы халықаралық технологиялық форумы аясында Decentrathon 5.0 мультилокациялық хакатоны ресми түрде басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елдің технологиялық әлеуетін біріктіріп, жаңа буын IT-мамандарын қалыптастыруға бағытталған бұл жоба – Қазақстандағы ең ірі бастамалардың бірі.
Ашылуында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев технологиялық көшбасшылық қолданбалы шешімдер мен білікті кадрларға байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект пен цифрлық құзыреттерді дамыту – ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы.

Биыл хакатонды министрлік, Astana Hub және Blockchain & AI Technology Center бірлесіп ұйымдастырды. Жобаға Қазақстанның 20 қаласынан 3 мыңнан астам әзірлеуші қатысып, 10 күн бойы inDrive және Solana Superteam Kazakhstan ұсынған нақты тапсырмаларды орындайды. Жалпы жүлде қоры – 20 млн теңге.
Хакатонның басты ерекшелігі – әлеуметтік және мемлекеттік бағыттағы міндеттер. Қатысушылар заңнаманы автоматты талдайтын, қайшылықтарды анықтайтын ЖИ жүйесін әзірлеуі тиіс. Сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы субсидияларды тиімді бөлуге арналған ЖИ-скоринг шешімдері ұсынылады.
Solana экожүйесі аясында қатысушылар Web3 өнімдерін жасап, жаһандық нарыққа бағытталған технологиялық шешімдер әзірлейді.
Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев ЖИ технологиялары өнім жасауды жеңілдеткенін атап өтті. Осыған байланысты хакатон форматы ұзартылып, үздік жобалар акселерациялық бағдарламаларда қолдау табады.
«Біз үшін командалардың жұмысы хакатон кезеңімен аяқталмай, экожүйе ішінде жалғасын тапқаны маңызды», – деді Blockchain & AI Technology Center бас атқарушы директоры Айдана Қасқырбек.
Үздік командалар жобаларын әрі қарай ALEM AI халықаралық орталығында дамытып, нақты енгізу мүмкіндігіне ие болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Decentrathon 5.0 – тек байқау емес, ұзақ мерзімді технологиялық серіктестіктер мен IT саланы дамытуға бағытталған маңызды платформа.
Бұған дейін Алатау қаласы дербес жүйесі бар ерекше мәртебеге ие болатыны туралы жазған болатынбыз.