Референдум-2026

Болашақ ойындары-2026: Астана полициясы қоғамдық қауіпсіздікті күшейтілген режимде қамтамасыз етеді

Бүгін, 16:52
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Болашақ ойындары-2026: Астана полициясы қоғамдық қауіпсіздікті күшейтілген режимде қамтамасыз етеді
Фото: видеодан скрин/police_astana

Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетін «Болашақ ойындары-2026» халықаралық турниріне байланысты қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Осыған орай елордада полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің қатысуымен саптық жиын өтті. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге барлығы 1 300-ге жуық полиция қызметкері мен әскери қызметші жұмылдырылды.

Саптық жиынға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Дамир Омаров, Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ержан Әділбеков қатысты.

Жеке құрамға қоғамдық қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау және қызмет барысында қырағылық таныту жөнінде нақты міндеттер жүктелді. Сонымен қатар шетелден келетін қонақтар мен турнир қатысушыларына мәдениетті, сыпайы қарым-қатынас жасап, халыққа сапалы сервистік қызмет көрсету қажеттігі ерекше атап өтілді.

Айта кетейік, «Болашақ ойындары-2026» халықаралық мультиспорттық турниріне әлемнің түрлі елдерінен президенттер, ресми делегациялар, спортшылар мен қонақтар қатысады. Осыған байланысты Астана қаласының Полиция департаменті тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күшейтілген режимде қызмет атқарады.

Бұған дейін Астанада қоғамдық тәртіп пен тазалықты жасанды интеллект бақылайтынын жаздық.