Референдум-2026

Астанада қоғамдық тәртіп пен тазалықты жасанды интеллект бақылайды

Бүгін, 16:07
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада қоғамдық тәртіп пен тазалықты жасанды интеллект бақылайды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада қаланың тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін экологиялық акциялар, бейнебақылау жүйелері, жасанды интеллект элементтері бар цифрлық платформалар және коммуналдық инфрақұрылымды басқарудың заманауи тетіктері кешенді түрде қолданылып келеді. Бұл шаралар қоғамдық тәртіпті нығайтуға, абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылауға және қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл туралы қалалық Коммуникациялар қызметі алаңында «Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы» ММ басшысының орынбасары Медет Жалпыбаев пен Astana Smart City ахуалдық орталығының басқарушы директоры Айбек Ахметбеков айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Таза Қазақстан» аясындағы жұмыстар

Жыл басынан бері Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында 250-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылған. 11 сәуір мен 16 мамыр аралығында өткен экологиялық айлыққа 300 мыңнан астам тұрғын қатысқан.

Айлық барысында 12,4 мыңға жуық кәсіпорын мен ұйым жұмылдырылып, 4 700-ден астам арнайы техника тартылған. 1 200 тоннадан астам қалдық шығарылды. 8 540-тан астам аула аумағы тазартылды. 1,4 мыңнан астам аялдама павильоны мен 17,1 мың метр көше қоршауы жуылған. 360 мыңға жуық жасыл желек, оның ішінде 15 мың ағаш отырғызылды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша экологиялық акцияларға 639 мыңнан астам адам қатысып, 120 мың тоннадан астам қалдық шығарылған және 1,1 млн жасыл желек отырғызылған.

Рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою

«Ғарыш Сапары» ғарыштық түсірілім мониторингінің нәтижелері бойынша, Астанада 122 рұқсат етілмеген қоқыс орны тіркелді. Оның ішінде 68 учаске жойылды, 54 учаске бойынша жұмыстар жалғасуда. 30 арнайы техника жұмылдырылды. 105 мың тоннадан астам қалдық шығарылды.

Алматы, Есіл және Сарыарқа аудандарындағы анықталған учаскелер толық жойылған. Нұра ауданында жұмыстар жалғасып жатыр.

Қоқыс төгетін орындарға қосымша 152 бейнекамера орнатылады

Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы Полиция департаментімен, «Айкомек» 109 қызметімен және аудандық әкімдіктермен бірлесіп, абаттандыру қағидаларын бұзу және қоқысты заңсыз төгу фактілерін анықтау бойынша күнделікті мониторинг жүргізіп жатыр.

Қазіргі уақытта қала шетінде қоқыс заңсыз төгілетін 34 объектіде 122 бейнекамера орнатылған. Камералар арқылы құқық бұзушылықтар тіркеліп, жауапты органдарға жедел түрде жолданады.

2026 жылы Астана қаласының Цифрландыру басқармасы бақылау жүйесін кеңейтуді жоспарлап отыр. Жоба аясында тағы 41 объектіде қосымша 152 бейнекамера орнатылады. Нәтижесінде елорда бойынша 75 жерде  274-тен астам камера жұмыс істейтін болады.

Цифрлық бақылау күшейтіледі

Бүгінде қаланың бірыңғай цифрлық жүйесіне 60 мыңнан астам бейнекамера қосылған. Жүйеде жасанды интеллект негізіндегі 35-тен астам бейнеаналитикалық сценарий кезең-кезеңімен енгізілуде.

Камералар арқылы қоғамдық орындарды ластау, қоқыстың заңсыз төгілуі, вандализм, аялдамалар мен абаттандыру элементтерін бүлдіру, заңсыз сауда, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері анықталады.

Спикерлердің айтуынша, жасанды интеллект тек ықтимал құқық бұзушылықтарды анықтап, оператордың назарын аударады. Қорытынды шешімді уәкілетті қызметкерлер қабылдайды.

Ахуалдық орталықтың жұмысы

Қаладағы камералар, датчиктер және коммуналдық қызметтердің GPS-жүйелері Ахуалдық орталыққа біріктірілген. Әрбір оқиға бойынша жұмыс келесі тәртіппен жүргізіледі: Оқиға автоматты немесе қолмен тіркеледі. Оператор тексеріп, жауапты қызметке жолданады. Орындалуы жүйеде бақыланады.

Қазіргі уақытта орталыққа 18 төтенше, коммуналдық және өзге де қызмет қосылған.

Заң бұзушылықтар және жауапкершілік

2026 жылдың 7 айында абаттандыру және тазалық қағидаларын бұзғаны үшін 30,2 мың құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 73,3 млн теңгеден асқан.

Оның ішінде қоғамдық орындарды ластағаны үшін – 585 құқық бұзушы, абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін – 29 641 құқық бұзушы, көлік құралдарымен қоқыс төккені үшін – 33 құқық бұзушы жауапқа тартылған.

Қалдықтарды басқарудың цифрлық жүйесі

Елордада коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму бойынша орталықтандырылған толық циклді жүйе жұмыс істейді. 2026 жылдың 7 айында 200 мың тоннадан астам коммуналдық қалдық шығарылды.

Қалада Waste Management ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Ол «нақты уақыт» режимінде қажетті ақпаратты (қоқыс контейнерлерінің және контейнер алаңдарының саны мен техникалық жағдайы және т.б.) алуға мүмкіндік береді.

Waste Management ақпараттық жүйесі қала бойынша 19 мыңнан астам контейнер, 4,8 мың контейнер алаңы орнатылып, цифрландырылды, 116 арнайы техника (GPS-датчиктері) жұмылдырылды.

Құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу

Қалада құрылыс қалдықтарын қабылдайтын «Солтүстік қырқа» алаңы жұмыс істейді. Astana Recycling Development ЖШС 2023 жылдан бері 1,3 млн тоннадан астам құрылыс қалдығын қабылдады, 976 келісімшарт жасасты. Алаңның жұмысы толық цифрландырылып, Smart Waste платформасы енгізілген.