Бірыңғай мемлекеттік стандарттар еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік қызметтердің сапасын қамтамасыз етеді
Жүйені дамытудың маңызды кезеңдерінің бірі – 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялау тәртібінің енгізілуі. Енді белгіленген талаптарға сәйкестік лицензия алу кезінде ғана емес, мемлекеттік бақылау барысында да бағаланады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Бірыңғай талаптар мемлекеттік те, мемлекеттік емес те қызмет көрсетушілерге бірдей қолданылады. Бұл жүйеге қатысушылар үшін тең жағдай қалыптастырып, азаматтардың көрсетілетін әлеуметтік көмектің сапасына деген сенімін арттырады.
Сонымен қатар арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Цифрлық шешімдер енгізіліп, қаржыландыру мен мамандар даярлау тәсілдері жетілдірілуде, заманауи инфрақұрылым дамытылуда.
Негізгі қағидат өзгеріссіз қалады: тұрғылықты жері немесе ұйымның меншік нысаны әлеуметтік көмектің сапасына әсер етпеуі тиіс.
Арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың барлығы қауіпсіз, кәсіби әрі сапалы қолдауға тең дәрежеде қол жеткізуі қажет.