93 жасқа қараған шағында әйгілі ғалым, философия ғылымының докторы, профессор, мемлекет қайраткері Жабайхан Әбділдин дүниеден озды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ғалымның өмірден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жедел хатын жолдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі академик, философия ғылымының докторы, профессор, көрнекті ғалым және мемлекет қайраткері Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдиннің дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады.
Жабайхан Мүбәрәкұлы – қазақ ғылымының ең көрнекті өкілдерінің бірі, отандық философия мен диалектикалық логика мектебінің негізін қалаған бірегей тұлға. Ол ғылымға бүтін бір дәуір сыйлап, теориялық танымның терең мәселелерін зерттеуде өшпес із қалдырды.
Ғалымның жетекшілігімен ондаған ғылым докторы мен жүздеген шәкірттер қалыптасып, ұлттық философиялық ойдың дамуына зор үлес қосты.
Өмірінің әр кезеңінде ел ғылымына, Қазақстанның рухани дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген Жабайхан Мүбәрәкұлының жарқын болмысы халық жадында мәңгі сақталып, жас ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Ұлтына адал қызмет еткен абзал азаматтың жаны жәннатта, иманы саламат болғай!» - делінген министрліктің хабарламасында.
Жабайхан Әбділдин 1933 жылы 16 ақпан күні Павлодар облысы Май ауданы Майтүбек ауылында дүниеге келген. Әйгілі ғалым, философия ғылымының докторы (1968), профессор (1970), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі және вице-президенті, Қазақстандағы диалектикалық логика мектебінің негізін салушы.
1954 жылы С. М. Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетін бітірген.
1954-1955 жж – Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасы. 1958 жылы – М. В. Ломоносов атындағы ММУ-дың философия факультетінің аспирантурасы. «Нақты ғылымның гносеологиялық рөлі» тақырыбында философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алуға диссертация қорғаған. 1968 жылы ҒА КСРО философия институтында «Теоретикалық таным проблемаларының бастауы» тақырыбында философия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алуға диссертация қорғаған.
Әбділдиннің ғылыми еңбектері негізінен диалектикалық логиканың өзекті мәселелерін зерттеуге арналған. Соның ішінде, әсіресе, нақты ұғым, бастама мәселелерін терең зерттей отырып, олардың философия тарихы тұрғысынан негізделген диалектикалық анықтамасын жасады, логикалық және гносеологиялық функцияларына сипаттама берді, қазіргі ғылым мен практикадағы логико-методологиялық рөлін айқындады. Оның басқаруымен диалектикалық логиканың категорияларын, заңдарын, принциптерін жан-жақты зерттеуге арналған ұжымдық монографияларлар жарық көрді. Осы зерттеулердің нәтижесінде «Диалектикалық логика» аталатын 4 томдық іргелі еңбек дүниеге келді. Мұнда диалектиканың логикалық функциясы анық дәлелденіп, категорияларының ғылыми жүйесі жасалды, әрі олар қазіргі жаратылыстану ғылымдарының методологиялық мәселелерімен ұштастырылды. Әбділдиннің ғылыми басшылығымен 10 ғылым докторы, 40-қа жуық ғылым кандидаты дайындалды.
Қоғамдық ғылымдар саласы бойынша Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1974) иегері. Әбділдин белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының (1984), ҚР Президентінің Бейбітшілік және рухани татулық сыйлығының (1994), Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. 2008 жылы «БҰҰ-ның принциптеріне адалдығы және соңғы 15 жылда Қазақстанда БҰҰ-ның жұмысына өлшеусіз үлес қосқаны үшін» марапатталған, Халықаралық «Өмір ағашы» сыйлығын «Шығармашылық ұзақ жасаушы» аталымы бойынша иеленген (2010 ж.). «Барыс» ІІ дәрежесімен (2000 ж.), ТМД Парламентаралық ассамблеясының «Достық» медальдарымен, 2022 жылы «Барыс» III дәрежесімен марапатталған.