Ажырасқан әйелінің мазасын алған: Астанада тағы бір сталкер қылмыстық жауаптылыққа тартылды
Астана қаласы Байқоңыр ауданының прокуратурасы бойынша сталкинг дерегімен қозғалған қылмыстық іс нәтижесінде қудалаушы кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Сотталған ер адам бірнеше жылдары бойы ажырасып кеткен әйелінің мазасын алған. Жәбірленушінің онымен хабарласпаймын дегеніне қарамастан, сотталған оның үйіне келіп, кіре беріс есігін бұзып, бірнеше рет пәтерге заңсыз кірген. Бұрынғы күйеуінің заңсыз іс-әрекеттерінен жәбірленуші қорқып, пәтерінен кетіп, анасының үйіне барып жүрген. Бұған қарамастан, ол жәбірленушіге барып, агрессивті түрдегі әрекеттер жасап, жанжалды жағдай тудырған.
Сондай-ақ, ер адам тұрақты түрде бейтаныс нөмірлерден жәбірленушіге хабарласып, хабарламалар жолдап отырған.
Жүйелі түрде заңсыз әрекеттердің салдарынан жәбірленуші өзінің өмірі мен қауіпсіздігі үшін үнемі қорқынышта болып, бұл оның қозғалыс еркіндігін және күнделікті белсенділігін айтарлықтай шектеген.
Осы жайттарды ескертіп, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сталкинг жасаған ер адамды кінәлі деп танып, оған 100 (жүз) сағат қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындады.
Прокуратура заңсыз қудалау үшін айыппұл түрінде 200 айлық есептік көрсеткішке дейін, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді, - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін елімізде сталкинг бойынша 51 іс сотқа жолданғаны туралы жаздық.