Елімізде сталкинг бойынша 51 іс сотқа жолданды - ІІМ
ІІМ сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Сталкинг - адамның еркінен тыс байланыс орнатуға тырысу немесе оны заңсыз қудалау. Қазақстанда мұндай әрекет үшін жауапкершілік көзделген (Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы).
Сталкинг - қорқыныш, күйзеліс, стресс пен депрессияға әкелуі мүмкін. Қудалау барысында қорқыту, балағаттау, жала жабу, интернет арқылы аңду, жеке хат-хабарды оқуға әрекет жасау, бейнекамералар мен GPS-трекерлер арқылы бақылау секілді әрекеттер болуы ықтимал. Мұндай әрекеттер уақыт өте келе зорлық-зомбылық, денсаулыққа зиян келтіру немесе мүлікке залал келтіру сияқты ауыр қылмыстарға ұласуы ықтимал.
Қудалаушының негізгі мақсаты - жәбірленушіні бақылауда ұстап, оған үрей мен алаңдаушылық тудыру. Мұндай қудалаудың құрбаны кез келген адам болуы мүмкін.
Қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес жаза ретінде 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.
«Ішкі істер министрлігі тарапынан ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Құқық бұзушылықтарды тіркеу және тергеп-тексеру тәртібі бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, қызметкерлерге арнайы оқыту шаралары өткізілді», — деді Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Самат Аисов.
Бұл заң адамдарды қудалаудың бастапқы кезеңінде қорғауға, психологиялық әрі физикалық зиянның алдын алуға және қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Самат Аисовтың сөзінше, сталкинг қылмыс ретінде енгізілген күннен бастап сотқа 51 іс жолданған. Оның ішінде 36 іс бойынша күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған санаттағы істерді тергеп-тексеру ІІМ-нің бақылауында.
Осындай оқиғалардың бірі Батыс Қазақстан облысында тіркелді. Бұрынғы жұбайы әйелді жүйелі түрде қудалап келген: оған қайта-қайта қоңырау шалып, хабарламалар жазған, жаңа байланыс нөмірлерін тауып алған, тұрғылықты жеріне келіп, күш қолданамын деп қорқытқан. Әйел телефон нөмірін ауыстырып, оны бұғаттағаннан кейін де ер адам түрлі аккаунттар мен нөмірлер арқылы жазуды жалғастырып, оның еркінен тыс байланыс орнатуға тырысқан. Бөкейорда аудандық соты ер адамды кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.
Астанада тағы бір ер адам сталкинг жасағаны үшін сот шешімімен кінәлі деп танылды. Қала тұрғыны жарты жыл бойы әйелді қудалап келген. Әйел қарым-қатынасты жалғастырудан бас тартып, мессенджерлерде бұғаттағанына және оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылғанына қарамастан, ер адам оны мазалауын тоқтатпаған. Ол жәбірленушінің жұмыс орнына және тұрғылықты жеріне барып, сондай-ақ оның келісімінсіз бейнежазбаға түсірген. Сот оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындап, моральдық зиянды өтеуді міндеттеді. Бұдан бөлек, бұрын тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасының талаптарын бұзғаны үшін жазаның өтелмеген бөлігі нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Семейде де осыған ұқсас дерек тіркелді. 31 жастағы ер адам некеде бола тұра ұзақ уақыт бойы басқа бір қызды аңдып жүргені үшін жауапкершілікке тартылды.
«Осы орайда азаматтарымызға үндеу жасағымыз келеді. Егер сіз, жақындарыңыз немесе таныстарыңыз заңсыз қудалауға тап болса, оны еш жағдайда елеусіз қалдырмаңыздар. Қылмыстық әрекеттердің жолын кесу және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін дереу полицияға хабарлаңыздар», - деп толықтырды Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Самат Аисов.
Ішкі істер министрлігі заңсыз әрі мазасыз сипаттағы қудалаудың кез келген түріне құқықтық баға берілетінін атап өтеді. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігі заңмен қорғалады.
Еске салайық, бұған дейін Астанада сталкингке қарсы оқыту семинары өткенін жаздық.