Астанада сталкингке қарсы оқыту семинары өтті
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесімен бірлесіп, ведомство қызметкерлеріне арналған оқыту ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу цифрлық зорлық-зомбылықтың бір түрі – сталкингке қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналды. Атап айтсақ, медиа мен халықпен ақпараттық жұмыс жүргізуде, оның ішінде жастар арасында сталкинг тақырыбын жауапты әрі сауатты ашу талқыланды.
Гендерлік саясат және адам құқықтары мәселелері туралы сарапшы Әйгерім Құсайынқызы сөз сөйледі.

Жиын барысында заңнамадағы жаңашылдықтарға назар аударылды. 2025 жылғы 16 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық кодекстегі өзгерістерді мақұлдап, соған сәйкес 115-1-бап — «Сталкинг» енгізілді. Қабылданған түзетулер Қазақстан тарихында алғаш рет сталкинг жасалған тұлғаларды заңмен қорғауға мүмкіндік берді.
Семинар барысында сарапшылар сталкинг ұғымын, оның негізгі түрлері мен көрініс табу формаларын түсіндіріп, аталған заң бұзушылықтың алдын алу және оған қарсы практикалық кеңестер ұсынды. Кездесу соңында қатысушылар пікір алмасып, осы бағыттағы ақпараттық жұмысты жетілдірудің алдағы қадамдарын талқылады.