Литвада өткен география пәні бойынша Еуропа олимпиадасында (EGeo) Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, жеті медаль жеңіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Алтын медальді еліміздің қоржынына Талдықорған қаласындағы №24 мамандандырылған лицейдің 9-сынып оқушысы – Дарын Бекбол иеленді. Ол кіші (жасөспірімдер) санатында (12-15 жас) ең үздік атанды.
Қола жүлдені Шымкент қаласындағы НЗМ-нің 9-сынып оқушысы – Микаэль Почукаев жеңіп алды.
Негізгі (үлкен) жас санатында (16-19 жас) Қазақстан құрамасының қоржынына медаль салғандар:
- Қостанай қаласындағы НЗМ 10-сынып оқушысы Андрей Енбахтов;
- Талдықорған қаласындағы НЗМ 12-сынып оқушысы Ақжол Болат;
- Ақтөбе қаласындағы НЗМ 12-сынып оқушысы Әлихан Қалмағамбетов;
- Павлодар қаласындағы НЗМ 11-сынып оқушысы Мансұр Тұрсынғалиев;
- Талдықорған қаласындағы НЗМ 10-сынып оқушысы Рамиль Имашев.
Айта кетейік, EGeo олимпиадасы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Басты мақсат – география және экология саласына қызығушылықты арттыру. Байқау үш кезеңнен тұрады: жазбаша тест, мультимедиялық тапсырма және дала туры. Барлық тапсырмалар ағылшын тілінде орындалады. 2024 жылы Қазақстан құрамасы алты медаль еншілеген болатын.