Ауыл шаруашылығы жерін алу рәсімдері жеңілдетілді
АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов ОКҚ алаңында осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Төрағаның айтуынша, 2025 жылғы тамыздан бастап елімізде шаруа немесе фермер қожалықтарына уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беруге арналған конкурс өткізу қағидаларына өзгеріс енгізілген. Енді конкурстық ұсыныста міндетті түрде алғашқы 5 жылда 1 гектарға инвестиция көлемі, техниканың, жабдықтың және малдың болуы талап етіледі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мамандарының біліктілігі үшін қосымша ұпай беріледі.
«Бұл процес ашық, объективті түрде жүргізіліп, ауыл шаруашылығын дамытуға нақты бағытталады», – деді спикер.
Сонымен қатар, Үкімет қаулысымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің шекті мөлшері бекітілді. Бұл қолайлы жағдайы бар өңірлерде жерді неғұрлым тиімді пайдалануға ықпал етеді.
Еске сала кетсек, жер учаскесін сату, оның нысаналы мақсатын өзгертуді eGov.kz-те рәсімдеуге болады.