Асхат Аймағамбетов: Конституция нормалары күн сайын нақты жұмыс істеуі тиіс
Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов Ақордада жаңа Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты рәсімге қатысып, ел дамуы мен жаңа Ата заңның маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Депутаттың айтуынша, ұлттың болашағы біліммен, ғылыммен, инновациямен тікелей байланысты.
«Көптеген елдердің қарқынды дамуы жан-жақты зерттелген. Әртүрлі ғалымдар әртүрлі факторларды атайды. Дегенмен бәрін жинақтасақ, ортақ заңдылық анық көрінеді.
Жапония, Сингапур, Еуропа елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, табыс пен даму үш негізгі тірекке сүйенеді: тәртіп пен меритократия (заң), білім мен құндылықтарға инвестиция, құндылықтардың жаңғыруы (ағарту), және тұлғадан биік тұратын мықты институттар.
Дәл осы құндылықтар жаңа Конституцияда көрініс тапқан», - деді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, қазіргі заманда жасанды интеллектті игеру ғана емес, оны дұрыс бағытта қолдана білу де шешуші факторға айналған.
«Ең маңыздысы әлі алда. Дауыс беру - өте маңызды қадам. Бірақ ол бір күн ғана.
Ал Конституция күн сайын жұмыс істеуі керек. Мұғалімнің сыныбында да, ауруханада да, сот залында да, мемлекеттік қызметшінің кабинетінде де.
Енді оның нормаларын нақты заңдарға айналдыру маңызды. Және де сол заңдардың өмірде шын мәнінде, мүлтіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз керек. Бұл үшін басқару мәдениетін өзгерту, заңды бәріне бірдей қолдану, институттарды нығайтуымыз қажет.
Бұл - биліктің де, азаматтардың да ортақ ісі», - деді Мәжіліс депутаты.
Еске салайық, бүгін Ақордада жаңа Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиын өтті.