Астаналық оқушылар АҚШ-тағы әлемдік STEM жарысында топ жарды

Бүгін, 10:05
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық оқушылар АҚШ-тағы әлемдік STEM жарысында топ жарды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана оқушылары АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлемдегі ең ірі STEM жарыстарының бірі – FIRST World Championship додасында ел намысын қорғап, жоғары нәтиже көрсетті. Республикалық физика-математика мектебінің FoxSlide және Fizmat Robotics командалары халықаралық аренада плей-офф кезеңіне өтіп, беделді марапатты иеленді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

АҚШ-тың Хьюстон қаласында FIRST World Championship әлем чемпионаты 29 сәуір мен 2 мамыр аралығында өтті. Жарыс STEM саласындағы ең ірі шаралардың бірі болып саналады. Байқауға 66 елден қатысушылар жиналды.

Қазақстан атынан FTC санатында ең мықты 12 мектеп командасы өнер көрсетті.

Олардың қатарында Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің FoxSlide және Fizmat Robotics командалары ерекше көзге түсті. Команданың халықаралық чемпионатқа қатысуына РФММ басшылығы қолдау білдіріп, Fizmat Endowment Fund қоры демеушілік етті.

Айта кетерлігі, оқушылардың жарысқа қатысуы ата-аналарға ешқандай қаржылық салмақ түсірмей ұйымдастырылды.

Мектеп демеушілерді тартып, қажетті қолдауды қамтамасыз етсе, қор серіктестерге ұсыныстарды дайындау мен рәсімдеу жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетті.

FoxSlide командасы сенімді өнер көрсетіп, плей-офф кезеңіне сәтті өтіп, халықаралық аренада жоғары дайындық деңгейін және бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді.

Ал Fizmat Robotics командасы айрықша жетістікке қол жеткізіп, Franklin дивизионында беделді Reach Award жүлдесін (1-орын) иеленді. Бұл марапат тек техникалық жетістіктер үшін ғана емес, сонымен қатар STEM қауымдастығын дамытуға және инженерлік мамандықтарды насихаттауға қосқан елеулі үлесі үшін беріледі.

Команда 4 миллионнан астам аудиторияны қамтып, интерактивті QR-кодтар мен мультимедиялық шешімдер сияқты заманауи әрі креативті форматтарды қолданды.

Оқушылар білім беру ұйымдарымен белсенді жұмыс жүргізіп, мектептер мен балабақшаларда кездесулер, презентациялар және практикалық сабақтар өткізді.

Сонымен қатар Fizmat Robotics халықаралық деңгейде ресурстар тартуға мүмкіндік берген жеке цифрлық фандрайзинг платформасын әзірледі. Бұл жетістік РФММ-ның мықты академиялық ортасының және Қазақстанда инженерлік білім беруді жүйелі дамыту жұмысының заңды нәтижесі болып табылады.

Қазылар алқасы Fizmat Robotics командасының стратегиялық көзқарасы мен көшбасшылық қабілеттерін жоғары бағалап, олардың жергілікті бастамаларды тұрақты жаһандық экожүйеге айналдырудағы жетістігін ерекше атап өтті.

Елордалық екі команданың жарқын жетістігі, Республикалық физика-математика мектебі ұжымының атқарған еңбегінің нәтижесі. Аталған білім ордасы олимпиадалық жарыстарда үнемі алдыңғы қатардан көрініп келеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін астаналық оқушы Амантай Арсен АҚШ-та өткен халықаралық чемпионатта үздік атанған болатын.