Елордалық балуан Мерей Мәулетқанов: Грек-рим күресінде олимпиадалық салмаққа ауысамын
Грек-рим күресінен 2025 жылы жарқырап шыққан талантты астаналық балуан Мерей Мәулетқанов өз өнеріне баға берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ол 2025 жылғы көрсеткішіне қаншалықты көңілі толатыны жайлы ойын бөлісті.
«Иә, 2025 жыл табысты болды десек те болады. Ересектер арасындағы әлем чемпионатында дебют жасап, 72 келіде 5-орынға тұрақтадым. Ал U23 санатындағы әлем чемпионатында қола жүлдеге іліктім. Бірақ аздап әттеген-ай деген сәттер де болды. Ең бастысы, өте үлкен тәжірибе жинадым деп нық сеніммен айта аламын», - деді балуан.
Ол өз спорт саласындағы Астананың биылғы маңызды оқиғасын атап көрсетті.
«Мамыр айында күрес түрлерінен Астана қаласында Қазақстан кубогы өтті. Сол бәсекеде өзімнің мықтылығымды дәлелдеп, ірі жарыстарда өзімді көрсетуге мүмкіндік алдым», - деп бөлісті спортшы.
Сондай-ақ ол 2026 жылға қойған мақсат-міндеттері жайлы айтты.
«Желтоқсан айында Қазақстан чемпионатында 77 келіге көтеріліп, топ жардым. Енді 2026 жылы олимпиадалық салмаққа ауысып жатырмын. Алда үлкен додалар күтіп тұр. 2026 жылдағы басты мақсат - қыркүйек айында Жапонияда өтетін Азия ойындарының ең биік шыңын бағындыру», - деді Мерей Мәулетқанов.
Танымал балуан елордалықтарға жаңажылдық тілегін де арнады.
«Жаңа жыл құтты болсын, Астана тұрғындары! Спортшы ретінде сіздерге зор денсаулық, мықты рух, биік мақсаттарға жетер табандылық тілеймін. Әр күндеріңіз қозғалысқа, жеңіске және жаңа жетістіктерге толы болсын. Әр отбасыға амандық, бірлік пен береке тілеймін! Үйлеріңіз шаттыққа, жүректеріңіз жылулыққа толы болсын. Жаңа жыл әр шаңыраққа қуаныш пен мол ырыс әкелсін», - деді спортшы.
Бұған дейін балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққан қаржыландыру стандарттары енгізілетінін хабарладық.
