Астанадан бір түнде 70 мың текше метр қар шығарылды

Астанадан бір түнде 70 мың текше метр қар шығарылды
Фото: Астана әкімдігі

Өткен түнде елорда аумағынан арнайы полигондарға 4 116 рейспен 70 мың текше метрге жуық қар шығарылды. 10 ақпан күні таңертеңнен бастап қар күреу жұмысына 3 101 жол жұмысшысы мен 2000-ға жуық арнайы техника жұмылдырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астананың коммуналдық қызметі қыс мезгілі басталғалы бері тоқтаусыз, тәулік бойғы режимде жұмыс істеп келеді. Қар күреу жұмысы күндіз-түні жүргізіліп жатыр.

Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіледі. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылады.

Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.

«Сонымен қатар аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің міндетінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады», - делінген хабарламада.

Бұған дейін Астанадан 3 миллион текше метр қар шығарылғанын жазған едік. Қазіргі уақытта шығарылған қар көлемі 4,4 миллион текше метрге жетті.