Астанадан 3 миллион текше метр қар шығарылды

Астанадан 3 миллион текше метр қар шығарылды
Фото: Астана әкімдігі

Көше жолдарының қозғалысын қауіпсіз әрі ыңғайлы ету үшін елордадағы қар тазалығы күндіз-түні үздіксіз жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

22 қаңтарға қараған түні Астана аумағынан полигондарға 1 595 рейс жасалып, шамамен 24 мың текше метр қар шығарылды.

Бүгінгі таңда қаланың қарын тазалауға 3 мыңнан астам жол жұмысшысы мен 1 433 арнайы техника жұмылдырылды.

Жалпы қыс басталғалы арнайы полигондарға 218 516 рейс жасалып, 3 миллион текше метрден астам қар тасымалданған.

Жұртшылықтың жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге тәулік бойы техникалық тұз себіледі.

Айта кету керек, аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің міндетіне жатады. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ПИК-тер МИБ-терге аулаларды қар жауғанда және көктайғақ кездерінде уақтылы тазалау міндеттеледі.

Қар тазалауда ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттарға басымдық беріледі. Одан кейінгі кезекте тазалық жұмыстары қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда, яғни аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда жүргізіледі.

«Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады», - делінген хабарламада.

Қар тазалаудағы ауыр техниканы жүргізу нағыз ерлердің ісі екенін айтқан «Астана Тазалық» машинисінің түнгі ауысымдағы жұмысы туралы репортажды назарыңызға ұсынамыз.