Астанадағы киокушинкай каратэ: жыл қорытындысы, әлемдік аренадағы жеңістер және жаңа мақсаттар

Астанадағы киокушинкай каратэ: жыл қорытындысы, әлемдік аренадағы жеңістер және жаңа мақсаттар
Фото: Астана қаласының киокушинкай каратэ федерациясы

2025 жылғы 20 желтоқсанда елордада Астана қаласының киокушинкай каратэ бойынша біріншілігі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz федерацияға сілтеме жасап.

Бұл жарыс ауқымды спорттық оқиға ғана емес, сонымен қатар, 2025 жылғы атқарылған жұмыстың маңызды қорытындысы болды. Біріншілікке қаладағы спорт клубтары мен секцияларынан 200-ден астам спортшы қатысты.
Іс-шара аясында жыл қорытындысы шығарылып, қазан айында Жапонияның Токио қаласында өткен киокушинкай-кан каратэ бойынша әлем чемпионатының жүлдегер спортшыларын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.
Әлем чемпионатына 40-тан астам елден 700-ден аса спортшы қатысып, ол киокушинкай әлеміндегі ең беделді әрі бәсекесі жоғары турнирлердің біріне айналды. Қатаң тартыс жағдайында Қазақстан құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізіп, барлығы 63 медаль жеңіп алды: 10 алтын, 13 күміс және 40 қола. Сонымен қатар, жалпыкомандалық есепте Ресей мен Жапония құрамаларынан кейін 3-орынды иеленді.


Астана қаласының киокушинкай каратэ федерациясының президенті Иманжүсіп Ақпомбаев қол жеткізілген жетістіктер – жаттықтырушылардың, спортшылардың және бүкіл федерацияның көпжылдық әрі жүйелі еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.

«Бұл жыл біз үшін айрықша болды, – деді Иманжүсіп Ақпомбаев. – Біз медальдарды ғана емес, қазақстандық киокушинкай-кан мектебінің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Спортшыларымыз әлемнің ең мықты каратэшілеріне лайықты қарсылас бола алды. Сонымен бірге Республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясының президенті Омархан Оқсикбаевтың басшылығымен көрсетіліп отырған қолдау біз үшін аса маңызды. Бұл біртұтас дайындық жүйесін қалыптастыруға, өңірлерді дамытуға және халықаралық деңгейде тұрақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Оның айтуынша, жасөспірімдер мен жас спортшылардың жоғары нәтиже көрсетуі ерекше қуантады, бұл киокушинкай каратэнің берік резерві мен болашағының бар екенін дәлелдейді.

«12–13, 14–15 жастағы балалардың жеңіс тұғырынан көрінуі – болашақ чемпиондардың өсіп келе жатқанын көрсетеді. Бұл спортшылар бүгіннің өзінде мінез, тәртіп пен нағыз жауынгерлік рухты паш етуде», – деді федерация президенті.

Астананың біріншілігі спортшыларды республикалық және халықаралық жарыстарға даярлаудың маңызды кезеңі болды. Қатысушылар кіші жасөспірімдерден бастап ересектерге дейін түрлі жас және салмақ дәрежелерінде бақ сынады.

«Мұндай турнирлер өте қажет. Олар жарыс тәжірибесін қалыптастырады, сенімділікті арттырады және жаттықтырушыларға әр спортшының әлеуетін көруге мүмкіндік береді. Біреу үшін бұл – алғашқы жарыс болса, енді біреу үшін – әлем чемпионатына апарар кезекті қадам», – деп толықтырды Иманжүсіп Ақпомбаев.

Астана қаласының киокушинкай каратэ федерациясы алдағы уақытта да спорттың бұқаралығын арттырып, дайындық сапасын күшейтуді, қатысушылар географиясын кеңейтуді және халықаралық байланыстарды нығайтуды жоспарлап отыр.

«Біздің міндетіміз – қол жеткізген нәтижемен тоқтап қалмау. Біз жастармен жұмысты күшейтіп, жаттықтырушылар құрамының деңгейін арттырып, жаңа халықаралық жеңістерге жағдай жасаймыз. Киокушинкай – бұл тек спорт қана емес, бұл өмір мектебі», – деп атап өтті федерация басшысы.

Іс-шара соңында федерация президенті барлық спортшыларды, жаттықтырушыларды және ата-аналарды табысты жылмен құттықтап, киокушинкай каратэнің дамуына қосқан үлестері мен қолдаулары үшін алғыс білдірді.

Қазақстандық киокушинкай-кан мектебі алға нық қадам жасап, жаңа белестерді бағындырып, ел абыройын әлемдік аренада асқақтатуды жалғастыруда.