Астанадағы коттедж қалашығын салушы 56 адамның қаржысын жымқырған

Бүгін, 12:37
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанадағы коттедж қалашығын салушы 56 адамның қаржысын жымқырған
Фото: ҚМА

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша бірнеше құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Сүйіншәлиге қатысты тергеп-тексеру жүргізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тергеу амалдарына сай, 2021–2024 жылдар аралығында Мөлдір Сүйіншәли «Nura Elite» коттедж қалашығын салу сылтауымен азаматтардан қаражат тартқан.

Жобаға сәйкес 37 коттедж және 24 таунхаус салу жоспарланған. Алайда бүгінгі күнге дейін таунхаустар толық аяқталмаған, тек қаңқалары ғана тұр. Нысанды 2023 жылдың 4-тоқсанына дейін тапсыру жөніндегі міндеттемелер орындалмаған.

Сатып алушылармен алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған. Нәтижесінде 56 адам жәбірленуші деп танылып, жалпы 3,9 млрд теңге көлемінде қаражат тартылған.

«Тергеу барысында 322 млн теңге күдіктінің, оның жұбайы мен анасының есепшоттарына аударылғаны, сондай-ақ 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылғаны анықталды», делінеді хабарламада.

Сонымен қатар бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сату дерегі тіркелген. Мысалы, толық төлем жасалған коттедждің бірі кепілге қойылып, кейін үшінші тұлғаларға рәсімделіп, қайта сатылған.

Күдікті сатып алушылармен жер учаскелеріне құқық беруді көздейтін келісімдер жасағанымен, оларды иеліктен шығаруға заңды құқығы болмаған.

Үлескерлердің қаражатының бір бөлігі Астана қаласындағы «Асылхан» тұрғын үй кешенінің жер телімін сатып алуға жұмсалған. 

Бұдан бөлек, қажетті рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, ол Перизат Қайраттың «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры арқылы БАҚ-та мұқтаж әйелге пәтер берілетіні туралы мәлімдеген. Алайда іс жүзінде тұрғын үйкешенінің құрылысы басталмаған.

Сот санкциясымен күдіктіге үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

ҚР заңнамасына сәйкес, тұлғаның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін дәлелденбеген болып есептеледі.