Астанада жол саласына маман даярлау ісі қалай жүріп жатыр

Астанада жол саласына маман даярлау ісі қалай жүріп жатыр
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада автожол саласына кадр даярлау тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Габдуллина, қалалық мәслихат депутаттары, жоғары оқу орындарының және ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комитеттің мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде автожол саласына қажетті мамандарды даярлау бойынша нақты шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, «көлік құрылысы» білім беру бағдарламаларының дербес тобы қалыптастырылып, жол саласының мамандарын даярлауға мемлекеттік білім беру гранттары бөлінуде.

Бүгінде еліміздегі 9 жоғары оқу орны жол саласына маман дайындайды. Соңғы жылдары бұл бағытқа қызығушылық айтарлықтай артқан. Атап айтқанда, 2025-2026 оқу жылында грантпен оқуға түскендердің саны өткен жылмен салыстырғанда 8 есеге көбейген.

Кездесу барысында қатысушылар кадрлық әлеуетті дамыту автожол саласының тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты мамандарды жүйелі даярлау және білім беру ұйымдары мен салалық құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жиында Астанадағы жоғары оқу орындарымен бірлесіп, жол саласына қажетті жаңа мамандықтар ашу мәселесі де талқыланды. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Бүгін біз салада кадр даярлау бағытында оң өзгерістерді көріп отырмыз. Грант саны көбейді, жастардың қызығушылығы артты. Бұл жақсы көрсеткіш. Алдағы уақытта жоғары оқу орындарымен бірлесіп, білікті мамандарды даярлау жұмысын жалғастырамыз», – деді Анар Габдуллина.

Қатысушылар алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін білдірді. Олар заманауи талаптарға сай, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау үшін күш біріктіру маңызды екенін атап өтті.

Бұған дейін ҚТЖ мен Astana IT University маман дайындаудағы әріптестікті нығайтып жатқанын жазған едік.