Астанада такси жүргізушісі жолаушының пәтерін тонады
Сарыарқа аудандық криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрлық дерегіне қатысы бар 40 жастағы такси жүргізушісін ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті мас күйінде үйіне жеткізген жәбірленушінің таксиде ұмытып кеткен куртесін жасырын түрде алып қойған.
Күртенің қалтасынан үйдің кілтін тауып, келесі күні жәбірленушінің үйінде ешкім жоқтығын пайдаланып, пәтерге заңсыз кірген.
Үйден Samsung маркалы ноутбук пен «Алиса» смарт-колонкасын ұрлап, кейін бұл заттарды сатып жіберген. Оның әрекеті нәтижесінде жәбірленушіге 130 мың теңге көлемінде материалдық шығын келді.
«Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта ол Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр», - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері азаматтарды жеке заттарына ұқыпты болуға, сонымен қатар күмәнді жайттарды байқаған жағдайда дереу «102» арнасына хабарлауға шақырады.
Еске салайық, бұдан бұрын Астанада жаңа телефонды мекенжайға жеткізбей, сатып жіберген такси жүргізушісі ұсталғанын жаздық.