Астанада қысқы спорт түрлеріне арналған бірыңғай мектеп құрылады: оның қандай артықшылығы бар

Бүгін, 17:29
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада қысқы спорт түрлеріне арналған бірыңғай мектеп құрылады: оның қандай артықшылығы бар
Астана қаласы әкімдігі

Астанада жоғары жетістікті спортты дамыту аясында, сондай-ақ елордадағы қолайлы климаттық жағдайларды тиімді пайдалану мақсатында спорттық нысандарды жаңғыртуға және арнайы секциялар желісін кеңейтуге жүйелі түрде инвестиция салынып келеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – қысқы спорт түрлеріне арналған бірыңғай мектеп құру туралы шешім. Жаңа құрылым бірнеше спорттық бағытты бір басқару жүйесіне біріктіріп, спортшыларды бастапқы дайындықтан ұлттық құрама деңгейіне дейін тиімді дайындауға мүмкіндік береді.

Басты мақсаттар:
-қысқы спорт түрлері бойынша бірыңғай дайындық орталығын қалыптастыру;
-кадрлық, қаржылық және материалдық ресурстарды шоғырландыру;
-оқу-жаттығу үдерісінің сапасын және спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
-мекемелер құрылымын қысқы олимпиадалық спорт түрлерін дамыту басымдықтарына сәйкестендіру.

Қысқы спорт түрлерін дамыту аясында ауқымды жобалар да іске асуда: жыл соңына дейін Орталық саябақта жаңа заманға сай шаңғы базасының құрылысы аяқталады. Жаңа кешенде түрлі деңгейдегі шаңғыроллерлік жолдар, киім ауыстыратын жылы бөлмелер, инвентарь дайындау бөлмелері, жаттықтырушылар мен әдіскерлерге арналған арнайы кабинеттер болады. Бұдан бөлек, «Қазақстан» спорт сарайының құрылысы да басталды, бұл қысқы спортпен айналысуға қолжетімді ортаны кеңейтудегі маңызды қадам болмақ.

Маңыздысы – енгізіліп жатқан өзгерістер кадрлық қысқартуға әкелмейді: барлық жаттықтырушы өз жұмыс орындарын сақтап, балалармен толық режимде жұмысын жалғастыра береді. Оқу-жаттығу процесі де бұрынғы көлемде жүргізіледі.

Ата-аналар үшін алаңдауға еш негіз жоқ: жаттығу жағдайы нашарламайды, кесте мен бағдарламалар қолжетімді күйінде қалады. Қысқы спорт түрлерін бір мектепке біріктіру жас спортшылардың дайындық сапасын арттыруға мүмкіндік береді.