Астанада «Қыпшақ қызы Аппақ» операсының премьерасы өтті
Қазақстандағы опера жанрының тағдыры әрдайым ерекше болды. Мәселен Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» тұңғыш ұлттық операсы 1934 жылы жарыққа шыққан еді. Одан кейінгі тоғыз онжылдықтың ішінде қазақ композиторлары көптеген опера жазды. Ертеректе дүниеге келген «Қыз Жібек», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» опералары репертуарлық эталонға айналды. Тәуелсіздік жылдары он шақты ғана жаңа туынды ұсынылып, оның өзінде бәрі бірдей уақыт сынынан өте алмады. Сондықтан мұндай жағдайда әрбір жаңа опера айтулы оқиға болып табылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Астана Опера» театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
21-22 мамырда «Астана Операда» өткен әлемдік премьера жанр тарихын «дейінгі» және «кейінгі» кезеңдерге бөлді. Мәдениет және өнер қызметкерлері күні ұсынылған «Қыпшақ қызы Аппақ» операсы Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орайластырылып, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Оның авторлары – композиторлар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серікжан мен Әліби Әбдінұровтар, либреттошы Тілеуғазы Бейсембек, қоюшы режиссер Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Михаил Панджавидзе және қойылымның музыкалық жетекшісі Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин. Осынау қойылымдық топ Ғабит Мүсірепов драмасының желісі бойынша ұлы әзербайжан ақыны Низами Гәнжауидің музасына айналған тұтқын қыпшақ аруының хикаясы махаббат, бейбітшілік, соғыс, қанның құны мен кешірімнің құдіреті туралы толғанысқа ұласатын айтулы туындыны жасап шығарды.
Қазақ операсына әрқашан халық әнінің әуезді байлығы мен эпикалық сюжеті сынды екі негіз арқау болды. Е.Брусиловский, А.Жұбанов, Л.Хамиди, М.Төлебаев кеңестік эстетикада жұмыс істеді, олардың опералары айқын әлеуметтік қайшылықты, этнографиялық сипатты және жеңісті финалды талап ететін. Бұл спектакльдер әлі күнге дейін қалың көрермен жинайды, алайда бүгінгі таңда тыңдарман операдан психологиялық тереңдікті және тәуелсіз Қазақстанның беталысына сәйкес келетін заманауи шешімдерді іздейді. Қуанышымызға орай, «Аппақтың» авторлары осы сауалдарға жауап берді.
Композиторлар Серікжан мен Әліби Әбдінұровтар Абзал Мұхитдинмен бірлесе отырып бір жыл көлемінде жұмыс істеген музыка дала сарындарын классикалық опера мектебімен біріктіріп, әр кейіпкерге өзіндік музыкалық қолтаңба сыйлайды. Аппақтың партиясы үнемі өзгеріп отырады: шайқас көріністерінде қуат сезілсе, махаббат дуэттерінен сезімталдық пен дәрменсіздік лебі еседі. Низамидің бойында шығыстық нақыштағы философия тұнып тұрса, Шарафтан болаттай батылдық байқалады.

Қоюшы дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Ахмедьяровтың басқаруындағы оркестр әуезді естіледі әрі спектакльдің толық құқылы кейіпкеріне айналады (дирижер «Құрмет» орденінің кавалері Р.Баймурзин). Партитура батыл шешімдерімен таңғалдырады: үрмелі аспаптар тобының енгізілуі күтпеген дыбыс қуатын туғызады, қазақ және әзербайжан халықтарының ұлттық аспаптарының қосылуы музыкаға еш нәрсемен салыстыруға келмейтін айрықша колорит үстейді.
Михаил Панджавидзенің режиссурасы да күтпеген шешімдерге толы, ол ауқымды әрі өте қызықты. Мәселен сарай әншілерінің бейнелеріндегі екі контр-тенордың дуэті – оның авторлық табысы. Әлемдік музыкада мұндай құрамның эталондық үлгісі бар, ол – Г.Перселлдің «Өнер перзенттері, келіңіздер» дуэті (екі контр-тенор кернейдің дауысын салып, дәулескерлік қабілеттерін сынға салады, бұл жоғары ерлер дауыстарына арналған «төл белгі» болып табылады). Опера классикасында да жекелеген мысалдарды кездестіруге болады (Г.Гендель). Алайда ұлттық опера үшін М.Панджавидзе мұндайды алғаш рет жасауда және оның осы батыл шешімі көпке дейін көрермендердің жадында сақталады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Дәуітов пен хормейстерлер Д.Мусин, Е.Сансызбаевтың жетекшілігіндегі керемет хор сирек эмоциялық күшке жетеді. Екінші көріністегі жеңіс мерекесінде хор шаттанады, ал ең соңында еліне қайтып келген Аппақты халқы қабылдаудан бас тартқанда ол наразылықпен айбарлы үн шығарады. Ұжымның дауысы бірде бата беріп жатқандай, енді бірде лағынет айтып жатқандай естілді. Хормейстерлер А.Ахметова мен Ш.Ахмеджанованың жетекшілігіндегі балалар хорының үйлесімді жұмысын да атап өтуіміз керек, балалардың сыңғырлаған дауыстары тұтас спектакльге, әсіресе Аппақты тұтқынға алу көрінісіне ерекше әсер қосты. Қоюшы хореограф А.Тоқтар операның мазмұны мен эмоциялық жай күйді жеткізетін би сахналарын жасады. Әртістер таңғаларлық ішкі еркіндікпен үйлесімді қимылдады. XII ғасырдың пластикалық эстетикасын шынайы жандандыру олардың қолынан келгеніне еш күмән болған жоқ.

Спектакльдің көрнекі бөлігін жасаумен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері суретшілер С.Тасмағамбетова мен П.Драгунов айналысты. Декорациялар да үздіксіз ауысып отырады: көмескі жарық түсетін киіз үйлер мен жайлау көріністері Дербент сарайының алтын түстес қақпасына ұласады, ал сарай кеме діңгектері мен желкендеріне алмасып, сегізінші көріністе дүлей дауылмен арпалысқан кемені көз алдыңызға әкеледі. «Аппақтағы» символика – негізгі режиссерлік құралдардың бірі. Сценография қойылымның теңқұқылы қосалқы авторына айналады: Аппақты Дербент әміршісіне алып баратын темір тор тұтқын аруды бірде жабайы аңға, енді бірде басылмайтын дауылға айналдырып, тұтас халықтың қайсар рухын көрсетеді. Көкте қалықтаған қыран мұқалмас жігер мен рухтың мәңгілік еркіндігін бейнелейді, ал қорытынды сахнадағы гүлденген дала халықтың өшпейтін өмірі мен ешқашан жеңуге келмейтін естелігінің символына айналады.
Екі құрамның да вокалдық жұмыстары ең жоғары бағаға лайық. Аппақтың бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ пен Ұлпан Әубәкірова таныстырды. Олардың орындауында кейіпкер күрделі де көлемді болып шықты: бірінші көріністе ол шабуылға аттанады, сол кезде дауыстың қуаты оркестр үнін қылышпен тіліп түскендей болды; үшінші көріністе Аппақтың әкесі қызымен бейбітшілік жайлы сөйлескенде Аппақ әлсіз әрі жабырқаулы дауыспен ән салады, сол кезде зал тына қалады. Низамидің партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин орындады. Әртіс өз рөліне бар болмысымен беріліп, дауыс бояуының қанықтығы мен интеллектуалдық мәнерлілікті паш етті. Операдағы Низамидің бейнесі спектакльдің музыкасы мен тұтас драматургиясы арқылы түркі әлемінің өзара бірлігін айшықты түрде көрсетіп береді.

Даңғазды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Расул Жармағамбетов, Талғат Ғалеев таныстырды. Солистер соғыстан шаршаған данышпан ханның бейнесін асқан вокалдық әрі актерлік шеберлікпен сомдады. Хан соғысты аяқтау туралы өсиетін қызына айтып үлгереді де, өзі жау қолынан қаза табады. Дара Мұзаффарр әд-Диннің рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Евгений Чайников өнер көрсетті, әртіс дауысты керемет меңгергенін байқатып, шат-шадыман көңіл күйден ашу-ыза кернеген жағдайға әп-сәтте оңайлықпен ауысып отырды. Мехрибанды сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Вицинская махаббаты құштарлыққа ұласқан әйелдің бейнесін жасады. Қайғылы сюжеті тұрғысынан осынау сирек рөлді әртіс тамаша орындап шықты. Шарафты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев жүзеге асырды. Сахна шебері қоңыр баритон дауысына ие, бұл – қарама-қайшылыққа толы кейіпкер үшін ең мінсіз дауыс (ол бірде адал қолбасшы әрі зұлым қанішер болса, бірде құштар қожайын әрі мейірімсіз сатқын кейпіне енеді).
Талғат Аллабириновтың орындауындағы желдірменің, яғни «жауынгер әнінің» енгізілуі операдағы жарқын әрі күтпеген шешімдердің біріне айналды. Композиторлар бұл вокалдық-аспаптық монологқа дербес драматургиялық сипат үстеген. Мұндай тәсіл фольклорлық стильдеуден түбегейлі ерекшеленеді, мұнда желдірме опералық формамен біте қайнасқан, бірақ өзінің жанрлық дербестігін сақтаған әрі жауынгерлік рухты асқақтататын жыр ретінде қызмет етеді. Бұл авторлардың даланың эпикалық мұрасы мен классикалық театр қағидаларын зерделеудегі жаңашылдығын айқындай түседі.

Операның басты жаңалығы – оның қорытынды көрінісі. Алғашқы кезеңдердегі қазақ опералары көбіне бірсарынды аяқталатын, ал «Аппақта» біз Даңғаз ханның қазасына байланысты аза тұтқан қыпшақ халқын көреміз. Басты кейіпкер қуаныш орнына сатқындық жасады деген ауыр айыптауды естиді. Ол ажал құшуға бет алған өз халқының қамын жеп, тізе бүгеді де, ата-баба аруақтарынан араша сұрап жалбарынады. Сол сәтте оның зарын естігендей көк аспан да күңіреніп, жасын төгеді. Қолға түскен қыпшақтарды елге қайтарған Низами сахнаға шығады, осы кезде қалың бұлттың арасынан күн нұры жарқырап шыққандай көрінеді. Аппақ пен Низами қол ұстасқан күйі жаңа атқан күнге қарай қадам басады...

Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығында «Астана Опера» елімізге «соғыс соғысты, кек кекті туғызады, ал бұл шеңберді махаббат қана бұза алады» деген мәңгілік тақырыпты қозғайтын «Қыпшақ қызы Аппақ» операсының премьерасын таныстырды. Жоғары көркемдік деңгейде орындалған, жанрдың барлық заңдылығына сай әрі қоғам сұранысына жауап беретін бұл инновациялық қойылым қазақстандық опера өнеріндегі нағыз серпіліс болды!